Астанадағы веложолды ұзартуға қосымша 2,4 млрд теңге керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы шаһарда велосипед көлігі инфрақұрылымын дамытудың екінші кезеңіне 2,4 млрд теңге сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы басқарма басшысы Әлия Қожабаева облыстық мәслихат жанындағы тұрақты бюджеттік комиссияның отырысында айтты.

«Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бойынша қажетті қосымша қаражат көлемі – 5,9 млрд теңге. Велосипед көлігіне қажет инфрақұрылым салудың екінші кезеңіне 2,4 млрд теңге қажет», - деді Әлия Қожабаева.

Сондай-ақ, ол босаған пластик құтыларды сатып алатын арнайы фандоматттар орнату жоспарланғанын айтты. Осы арқылы жастарды пластик қалдықтарды көшеге тастамауға тәрбиелеу көзделіп отыр.

«Құрамында сынап бар қалдықтар салуға арналған контейнер сатып алуға - 51 млн теңге, металл контейнер алуға - 540 млн теңге, рұқсат етілмеген күресіндерге мониторинг жасау қызметін сатып алуға - 40 млн теңге, пластик құты қабылдайтын фандоматтар сатып алуға 55 млн теңге көзделіп отыр», - деді басқарма басшысы.

Әкімдік өкілі астананың «Жасыл белдеуіндегі» жасыл алқапты қорғайтын өрт сөндіру-химиялық станса құрылысына 635 млн теңге сұрап отырғандарын да айтты.

Бұған дейін жазғанымыздай, Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасы астана театрларына балалардың тегін кіруі үшін 63 млн теңге сұрап отыр.



Соңғы жаңалықтар