Астанадағы турнир қазақстандық теннисшілер үшін сәтсіз басталды

None
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада өтіп жатқан ITF World Tennis Tour «BeeTV 60 Women's» турнирі қазақстандықтар үшін сәтсіз басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың іріктеу сатысында қазақстандық бес жас теннисші кортқа шықты.

Еркежан Арыстанбекова өзінен әлдеқайда тәжірибелі ресейлік Екатерина Яшинамен матчта бірінші сетте жеңіске жақын болды. Есеп 5:4 болған мезетте Еркежан екі сетболды пайдалана алмады. Содан кейін тай-брейкте 0:6-дан есепті 5:6-ға дейін қысқартты, бірақ ресейлік спортшы сәтті ойнай алды – 7:6 (7:5), 6:1.

Дана Байдәулет ресейлік Софья Лансареге жол берді – 4:6, 0:6. Айя Нұпбай тағы бір ресейлік Татьяна Прозороваға есе жіберді – 2:6, 4:6. Сондай-ақ Сандуғаш Кенжебаева ұлыбританиялық Анна Броганнан (1:6, 4:6), Жанель Рүстемова грузиялық Софья Шапатовадан ұтылып қалды – 6:7 (3:7), 1:6.

Ендігі үміт негізгі жарыста өнер көрсететін Жібек Құламбаева, Гөзал Айнитдинова және Аружан Сағындықовада.

Сондай-ақ бұл додаға германиялық Соня Жиенбаева да арнайы шақырту алды. Оның анасы – қазақ, әкесі – поляк.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанадағы жарыстың іріктеу сатысында бес қазақстандық теннисшінің бақ сынайтынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингтегі орындары анықталды.

Фото – Қазақстан теннис федерациясы


Соңғы жаңалықтар