Астанадағы «Түркияның» бөлшегі: түріктер үшін қонақтың көңілін табу маңызды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрылғанына 20 жыл болған жас Астана талай кәсіпкердің жолын ашып, тасын өрге домалатуға мүмкіндік берді. Олардың арасында шетелдік кәсіпкерлер де баршылық.

Мереке қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі Астанада түрік тағамдарын насихаттап жүрген «Диван» мейрамханасының иелері, ағайынды Мехмет, Әбдірахман, Әбдірахым Дагделендермен кәсіпкерлік және табыс сыры жөнінде сұхбаттасқан еді.
null

Түрік асханасы дөнермен ғана шектелмейді

«Түркияның Измир қаласында туып-өскенбіз. Бұған дейін Измирде, Ыстанбұлда, Румынияда мейрамхана бизнесімен айналыстық. Басты бағытымыз - түрік тағамдарын насихаттау болатын. Бір орында тоқтап қалмай, мейрамхана ашуға ыңғайлы, экономикасы тұрақты өзге де қалаларды іздедік. Ойлана келе, Астананы таңдадық. Себебі, Қазақстан - түркілердің атажұрты, түбіміз бір, тіліміз бір. Ал Астана - күннен-күнге гүлденіп келе жатқан жас қала», - дейді Әбдірахман Дагделен.
null

Олардың айтуынша, түрік асханасы өте бай және ғасырларға ұласқан тарихы бар.
null

«Донер ең дәмді еттен жасалғаны үшін танымал шығар, бірақ түрік асханасы дөнермен ғана шектелмейді. Бізде арнайы қазанда қуырылатын «Сач кавурма» бар, жүзімнің жапырағынан жасалатын «Сарма» бар, сиырдың асқазанынан жасалатын «Мумбар». Османлы заманынан «Груфосуле» тағамы жетті. Үрмебұршақ сорпалары кеңінен тараған, оның ішінде сусыз берілетін «Куру фасуле» тағамы бар. Адана облысынан шыққан кебаб өте дәмді. «Урфа-кебаб» - Урфа қаласының бетке ұстары. Антеп өңірі жаңғақ қосылған тәтті пахлавасымен танылған. Яғни, Түркияның әр аймағы өз тағамымен танымал және аталған  тағамдардың  барлығы біздің «Диванда» бар», - деп жалғастырды Әбдірахым Дагделен.

Осы орайда кәсіпкерлер өз мейрамханаларындағы танымал тағамдар жөнінде әңгімеледі.

«Мейрамханамызда «Кузу долма» тағамы сұранысқа ие. Яғни қозының қабырғасының ішіне күріш пен мумбар салып, бір күн бойы пеште пісіреміз. Дайын болған соң, қазақша ет тәрізді қамырдың орнына күріш салып, тұтас қойдың қабырғасын қоямыз. «Шах-кебабты» Астанаға алғаш әкелдік деп толық сеніммен айта аламын және қазір де бұл тағам  бізде басқа түрік мейрамханаларында жоқ. Түрік шәйі мен түрік кофесінің жөні бөлек. Түрік шәйі Түркияның Трабзон, Ризе, Қаратеңіз аймақтарында өсетін жапырақтардан әзірленеді. Мехмет Эфендиден басталатын түрік кофесі тарихын да таңды-таңға ұрып әңгімелеуге болады. Бай тағамдардан бөлек, түрік шәйі мен кофесі үшін ғана түрік мейрамханасына баруға болады», - дейді олар.
null

null

nullnull

Тұрақтылық пен кәсібилік табысқа жетелейді

Ағайынды Дагделендер тұрақтылық пен кәсібилікке және абыройға ерекше мән беретіндерін жеткізді.

«Азық-түлік пен етті және көкөністерді тексерілген сенімді жерден аламыз. Бес жылдан бері азық-түлік алатын орнымызды ауыстырмадық. Себебі, өзіміз намаз оқып, тура жүріп-тұруға тырысамыз және келушілерге халал тағам ұсынамыз. Әр жексенбі сайын тұрақты түрде «Швед үстелі» форматында таңғы астар ұйымдастырып келеміз. Мұнда Түркияның сүзбесі, балы, бөрегі, зәйтүні, майы, қаймағы сынды 110 түрлі тамағы бар. Тұрақты келушілерімізбен байланысты үзбейміз, жеңілдіктер жасап тұрамыз. Қоғамдық жұмыстарға, қайырымдылық науқандарына үнемі қатысамыз. Әрине, ақша маңызды, пайда табу керек. Бірақ, абыройға жұмыс істеген одан артығырақ», - деп өз ойымен бөлісті Әбдірахым Дагделен. 


null

Сондай-ақ, табысқа жеткісі келген кәсіпкер өз ісін жетік білгені жөн.

«Мейрамхана бизнесіне бір күнде келген жоқпыз. Ең алдымен, ағамыздың ет дүкенінде жұмыс істедік. Қазір Мехмет (ағайынды Дагделендердің бірі - ред.) сиыр етінің қай бөлігінен қандай тағам әзірлеу керектігін жақсы біледі.  Осылайша, бірте-бірте тағам әзіреуге көштік. Яғни, адам көрген жұмысын емес, білген жұмысын істеуі керек. Жас кәсіпкерлер қай саланы қолға алса да, төменнен бастағаны жөн. Киім сатқысы келсе, киім дүкенінде жұмыс істеп көрсін. Жиһазшы болғысы келгендер шеберден тәлім алсын. Өз кәсібін 100 процент меңгерген адам ғана табысқа жете алады», - деп кеңес берді олар.



Келушінің көңілін табу маңызды

Түркиялық кәсіпкерлер табыстың ең басты сыры - келушіге құрмет көрсетіп, көңілін табу деп есептейді.

«Мейрамханамызға келген келушілердің көңіл-күйлері бірдей болмайды. Қонақ ашуланып келуі мүмкін, көңілсіз боп келуі мүмкін. Сондықтан, барлық келушіні күлімдеген жүзбен және құрметпен қарсы алуға тырысамыз.  Әрине, басшы екенбіз деп қарап отырмаймыз. Өзіміз даяшы боламыз, өзіміз тамақ салып береміз, қонақты өзіміз күтіп алып, өзіміз шығарып саламыз. Түрік халқының қонақжайлылығы ретінде барлық келушілерге түрік шәйін тегін ұсынамыз. Шын ықыласпен қызмет көрсету арқылы әрбір келушінің біз үшін маңызды екенін көрсетеміз. Ең бастысы - қонақтың ырзалығы», - деді Әбдірахман Дагделен.
null

 «Клиент әрдайым дұрыс айтады» деген ұстаным бар. Расында да келушілер жасғаан ескертпелер одан әрі жетіле түсуге мүмкін береді. Оған еш ренжімеу керек. Біздің ұжымда 25 адам жұмыс істейді және біздің «нанымызды» дәл осы келушілер беріп отыр. Олар болмағанда, біздің кәсібіміз жүрмес еді. Осыны жақсы ұғынғандықтан, әрбір келушіге өз туысымыздай қараймыз, өз үйіне келгендей құшақ жая күтіп аламыз», - деп жалғастырды Әбдірахым.

null

nullnull
nullnull

Табысқа жетуде мейрамхана интерьері де аз рөл ойнамайды.

«Мейрамхана интерьерін Түркияға барынша ұқсатуға тырыстық, мұндағы сурет, бұйымдар, аспашамдардың барлығын Түркиядан алдырдық. Бізге келген адам Түркияға келгендей әсер алуы тиіс. «Диван» атауының мағынасы - кей адамдар ойлағандай, отыратын диван емес. Оның мағынасын түсіндіруден жалыққан емеспіз. Бір кездері Ислам мемлекеттеріндегі ең жоғарғы орган «Диван» деп аталатын. Яғни, астаналықтардың Исламдағы ең құрметті орынға - «Диванға» келу мүмкіндігі бар», - деп күлді олар.

Астанаға тілек

Ағайынды кәсіпкерлер қазақ халқына ризашылығын білдіріп, Қазақстанда қалуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

«Біздің Астанаға көшкенімізге бес жыл толады және бес жыл бұрынғы Астана қазіргі Астанамен салыстыруға келмейді. Қала күннен-күнге үлкейіп жатыр, халық саны өсуде.  Мұны келушілер санының өскенінен байқап жатырмыз. Біз қазақ халқына ризамыз және олардың да бізге риза болғанын қалаймыз. Біз өз болашағымызды Қазақстанмен байланыстырып отырмыз. Алматы, Шымкент, Атырау қалаларында мейрамхана ашып, халыққа халал түрік тағамдарын ұсынғымыз келеді. Астана көркейсе, біз де көркейеміз. Жиырмажылдықтағы Астананың жақсылықтарын көру бұйырған екен. Астананың екінші жиырмалығын да қарсы алуды жазсын. Барша Қазақстан халқына денсаулық, жақсылық, бақыт тілейміз», - деп тілек білдірді түркиялық кәсіпкерлер.
null

Соңғы жаңалықтар