Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы мен №38 көшенің арасын жалғайтын көпір келесі жылы ашылады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік даңғылы мен №38 көшенің арасын жалғайтын көпір келесі жылы қолданысқа беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Уваев айтты,

«Есіл өзенінің оң және сол жағалауларын жалғайтын 5 автожол көпірі қолданыста. Бүгінде қаланың бұл бөлігінде Мәңгілік ел және Тұран көшелері ең негізгі көлік магистралі болып отырғанын білесіздер. Олардың жүктемесі өте тығыз. Сол үшін Есіл өзені арқылы оң және сол жағалауды жалғайтын 2 көпір салынып жатыр. Бірі Тәуелсіздік және №38 көшенің арасын жалғаса, екіншісі Ұлы Дала және Нәжімеденов көшелерінің арасын жалғайды. Бұл 2 көпір қолданысқа берілсе, Мәңгілік ел көшесіндегі көлік қозғалысының тығыздығы 20 пайыз төмендейді деген есеп бар. Биыл шілде айында Ұлы Дала және Нәжімеденов көшелерінің арасын жалғайтын көпір қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Қазір аспалы жолдардың бәрі төселген. Енді көпір аралықтарын орнату ғана қалды. Бірінші қабаты бітіп қалды. Кеше ғана барып көріп қайттым. Бұл көпір қолданысқа берілсе, Сол жағалаудағы көлік кептелістері азаяды деген үміт бар», - дейді Нұрлан Уваев.

Ал Есілдің бойына түсетін екінші көпір келесі жылы салынып бітуі керек.

«2023 жылы Тәуелсіздік және №38 көшелердің арасын жалғайтын көпір қолданысқа берілуі керек. Қазір көпір салынып жатыр. Жоба өте ауқымды. Құрылыс кестесі бойынша келесі жылға жоспарланған. Сондықтан 2023 жылы осы 2 көпір толық қолданысқа еніп, көлік ағындары қайта реттеледі деп ойлаймын», - деді департамент өкілі.

Бұған дейін қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев астана жолдарындағы кептелісті шешу үшін 2 көпір салынатынын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар