Астанадағы «Small» сауда желісі қантты қоймасында «тығып» отырған (ФОТО)

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірнеше күннен бері бүкіл республика бойынша қант тапшылығы қатты сезіліп тұр. Мысалы, Қарағандыда тұрақты қордан 150 тонна көлеміндегі тауар интервенциясына қарамастан, өңірдегі қант тапшылығы жойылған жоқ.

Ал, Өскемен қаласының тұрғындары тосап қайнатып, қысқа қамдану маусымы ашылған кезде, қанттың бір келісін 450 теңгеге сатып алуда.

Астана жұртының да қант іздеп, бас қатырғанына бірнеше күн болды. Елорданың кейбір сауда орындарында қант бағасы (әрине, егер сөрелерде болса) 250-280 теңгеден бірден 350-415 теңгеге дейін шарықтап кеткен.

Астана нарығындағы қант бағасына қатысты жағдаймен жіті танысу үшін біз қаладағы ірі сауда орындарына бас сұқтық. Анықтағанымыздай, кейбір сауда орындары қант тапшылығын қолдан жасап отыр екен...

Алдымен, Сауран көшесінің бойындағы «Анвар» дүкеніне бардық. Супермаркет сөресінде екі келілік қант дорбасынан небәрі төрт-бес дана қалған екен. Оның өзінде, бұл дүкен қанттың бір келісін 413 (!) теңгеге сатты. 
null  

(Фото. «Анвар» дүкеніндегі «Цесна» маркалы қанттың екі келісі - 826 теңгеге сатылып жатыр).

«Анвардан» шығып, Ш.Уәлиханов көшесінің бойындағы «Жаннұр» сауда орталығының бірінші қабатында орналасқан «SMALL» супермаркетіне бардық. Супермаркеттің сатушы-консультанттарына журналист екенімізді айтпай, «қант қай жерде тұратынын айтып жіберіңізші» деген өтініш білдірдік. Бірақ, алдымыздан шыққан төрт сатушы-консультант үш күннен бері дүкенде қант жоқ екенін айтты. Және үш күн бұрын бұл дүкендегі қант 247 теңгені құрағанын, енді қант қашан сатылымға шығатыны белгісіз екенін де мәлім етті.

Дүкенде неге қант жоқ екенін және бұның себебі неде екенін, жуық арада қант сатылымға шыға ма, жоқ па, соны анықтау үшін осы супермаркеттің әкімшілігіне жолықтық.  Әкімшілік алдындағы күзетші бойжеткен еш құжатты сұрамастан бізге әкімшілік отыратын бөлмені көрсетті. Кірсек, екі компьютерде екі қызметкер отыр - біріншісі өзін супермаркет әкімшісі Бексұлтанова Гүлжан Нұртасовна деп таныстырды, екінші ер адам өзін таныстырудан мүлде бас тартып, агенттік қызметкерлерінің қызметтік куәлігін сұрады және біздің рұқсатымызды алмастан, оны суретке түсіріп алды.

Журналист екенімізді айтып, қант нарығы жайлы сұрап едік, Гүлжан Нұртасқызы біздің көзімізше сатушы-консультанттарға тапсырма берді: «қоймадағы қантты сөреге шығарыңдар» деп бұйырды ол қол астындағы қызметкерлерге. Сонда, супермаркет өнімді әдейі қоймада тығып отырған ба? Бұл сұрақты біз әкімшілікке қойып едік, қобалжып кеткен олар бізге дауыс көтере сөйлеп, қант сатылымда бар екенін және біз олардың рұқсатынсыз аудиожазба жүргізіп жатқанымызды айтып, «қорқытып» қуып шықты. Біз дереу супермаркет залына кіріп, қызметкерлерді қайта сұраққа алдық. «Қант жоқ, үш күннен бері жоқ, қашан болатынын білмейміз», деді бізге Еркебұлан есімді қызметкер. Оның әріптестері де бұл сөзді растады. Сол сәтте дүкеннің күзеті келіп, «ҚазАқпарат» тілшілерін қуып шықты.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды еске сала кетсек. Заңға сәйкес, журналист  өзінің қызметтік куәлігін көрсеткен соң, барлық меншік формасындағы орындар мен мемлекеттік органдардың жауапты тұлғаларымен кездесуге, қоғамды алаңдататын кез келген мәселеге қатысты (заңда тыйым салынбаған) аудио, бейне жазба жүргізуге құқылы.

«SMALL»-дан шыққаннан кейін, Ш.Уәлиханов көшесінің бойындағы «Green» супермаркетіне бардық. Сатушылардың айтуынша, дүкен бес күннен бері қант «көрмеген» және бес күн бұрын қанттың бір келісі үшін 300 теңгеден сатылған. «Green» супермаркетінің қызметкерлері журналистерге мүлде басқа көзқараспен қарап, қоймалары мен залдарын аралатып, қант жоқ екенін дәлелдеді.
null null  

Бұл мәселені, яғни, қант тапшылығына қатысты жоғарыда куә болған жағдайларды одан әрі назарда ұстаймыз. Қазір «ҚазАқпарат» тілшілері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Астана қалалық тұтынушылардың құқықын қорғау департаментіне, осы департаменттің тергеу бөліміне, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне тиісті сауалдарын жолдады. 
Астана қалалық тұтынушылардың құқығын қорға департаментіне қарасты Тергеу бөлімінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес,

-монополия арқылы жоғары баға орнату;
-сұраныстағы тауарларды сатуға және өндіруге негізсіз шектеу қойю, мүмкіндік бола тұра, оны сатпау;
-тауарды айналымнан әдейі алып тастау арқылы жасанды тапшылыққа жол беру фактілері дәлелденсе, арнайы тергеу жүргізіледі.

Бұндай әрекеті дәлелденген жағдайда, монополия арқылы түскен қаржы толық тәркіленіп, сол пайдадан 3-5 пайыз аралығында айыппұл салынады.

Соңғы жаңалықтар