Астанадағы шіріген қарбыздардың видеосы туралы сарапшылар пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР АШМ комитетінің аумақтық инспекциясы Астана базарындағы шіріп кеткен қарбыздар туралы атышулы бейнежазбаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Онда ақ халатты әйел «Алаш» базарындағы қарбыздарды кесіп көріп, жеуге жарамсыз екенін көрсетеді.

Әйелдің айтуынша, бұл қарбыздар Оңтүстік Қазақстан облысынан жеткізілген.

«Бұл карантинге жатқызылатын өнім болып саналады. Өсімдіктер карантині бойынша мемлекеттік инспекторлар бақылау жүргізуі тиіс», - деп хабарлады ҚР АШМ комитетінің аумақтық испекция бөлімінің басшысы Ілияс Жүнісов.

Оның айтуынша, ішкі тексерусіз нақты бір жемістің немесе көкөністің зақымданғанын анықтау мүмкін емес.

«Қазір инспекторларға жүктеме көбейді. Қала бойынша нысандар көп. Жай көзбен қарағанда өнімнің ішкі жағдайын болжау мүмкін емес. Сыртқы белгілері бойынша кесіп айту қиын, қайта сараптама жүргізу керек», - деді Жүнісов.

«Әр облыстың өз карантиндік тексерулері жүргізіледі. Мына өнім бақылаудан тыс сатылымға жіберілген секілді. Мұндай азықтарды бақылауда ұстау өте қиын - адам егістіктен қарбызды тиеп алады да, жүре береді. Оны қалай бақылайсың? Мұндағы басты мәселе - өнімнің қайдан келгені. Жалпы сапасыз және қауіпті өнімге ұрынбау үшін, оның сыртына мұқият қарап, тексеріп алған жөн », - деп кеңес берді ол.
Сонымен бірге, Жүнісов жоғарыда аталған өнімнің тексеріліп жатқанын атап өтті.

«Әзірге еш тұжырымдама жоқ. Қарбыздың қайдан бұзылғаны белгісіз. Сараптама нәтижесі жақын арада, бүгін немесе арғы күні дайын болады», - деп уәде берді Жүнісов.

Соңғы жаңалықтар