Астанадағы Республикалық бас мешіт жайлы не білеміз

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың 12 тамызында елордада әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына кірген ғибадат үйі ашылған еді. 14-15 қыркүйекте өтетін Дәстүрлі және әлемдік діндер лидерлерінің VII съезі қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық бас мешіттің негізгі сипаттамасы мен ерекшеліктерін паш ететін фоторепортажды оқырман назарына ұсынамыз.

Айта кетерлігі, бұл мешіт Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, үш жылдың ішінде мұсылман жамағатының құлшылық етуіне берілген еді. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев құлшылық үйінің ашылуына арнайы қатысып, бірегей мешіт татулық пен тұрақтылыққа өз үлесін қосады деп сенетіндігін білдірген болатын.

«Тәуелсіздік таңы атқаннан бері еліміздің әр түкпірінде көп мешіт ашылып, жамағатты риза қылғаны бәрімізге белгілі. Оларда оқылған намаздар мен дұғаларды Алла қабыл етсін. Мен Мемлекет басшысы ретінде өкілеттігімді тоқтатудан бір күн бұрын, 2019 жылғы наурызда осы мешіттің алғашқы кірпішін қаладым. Сол сәтте менің қасымда қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Аллаға жүгініп, ризашылығымызды білдіріп, болашақта халқымыздың тәуелсіздігі мен еліміздің еркіндігі ұзағынан болсын деп тіледік. Асыл дінімізге осынша қолдау көрсетуді әу бастан мұсылмандық міндетім, халқымның алдындағы перзенттік парызым деп білдім», - деді ол.

Мешіт 10 гектар жер учаскесін алып жатыр.

Мешіттің жалпы алаңы 68 062 шаршы метрді құрайды.

Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның биіктігі – 130 метр.

Сонымен қатар, мешіттің жерасты қабатында 440 орындық банкет залы, 405 орындық жабық паркинг, вестибюль, дәретхана, техникалық, ритуалдық қызмет көрсету орны, құрбан шалу орны және басқа бөлмелер орналасқан.

Бірінші және екінші қабаттарда намаз оқитын орыннан бөлек сыныптар, конференц-зал, неке қию залы, Құран оқитын бөлме, телестудия, кеңселер, қызметтік бөлмелер, дүкендер, мұражай және техникалық бөлмелер бар.

Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 адамды құрайды. Яғни бір мезетте осынша адам сапта тұрып намаз оқуға мүмкіндігі бар.

Оның ішінде ашық алаңда шамамен 200 мың адам, нақтырақ айтқанда подиум мен сахна аймағында 30 мың адам мешіт ауласында 170 мың адам бір мезетте құлшылық жасайды.

Ал мешіт ішінде 35 мың адам, яғни ерлерге арналған орында 30 мың адам, әйелдерге арналған орында 5 мың адам намаз оқи алады.

Мешіттің кіреберіс есігі әлемдегі ең биік ағаш есіктердің бірі саналады. Ол тропик Африкада өсетін ироко атты қатты ағаштан қолмен жасалған. Оның биікті - 12,40 метр, салмағы - 1,5 тонна. Сондай-ақ есіктер қазақша өрнектермен безендірілген.

Мешіттің ішкі шыны есіктері де биік. Оның биіктігі – 12 метр, салмағы 1,5 тонна. Ол түрлі түсті ою-өрнектермен шыныдан жасалған.

Мешіттің төрт биік мұнарасы бар. Оның биіктігі – 130 метр. Мұнара бес бөліктен тұрады. Ол Исламның бес діңгегін (иман, намаз, ораза, зекет және қажылық) білдіреді. Сол қанатындағы мұнара «Туристік мұнара» деп аталады. Келген қонақтар лифт арқылы немесе жаяу көтеріліп, елорданы биіктен тамашалай алады.

Құбыла жақтағы мозаика орнатылған қабырға ұзындығы – 100 метр, биіктігі – 22,4 метр. Қабырғадағы мозаика 25 млн алуан түсті шынымен безендірілген. Қолмен жасалған мозаиканың әрбір бөлігі жеке-жеке панельге орнатылған. Мозаика мөлшері – 10*10, 10*20, 20*20 мм. Сонымен қатар, панельге Алла Тағаланың 99 есімі жазылған.

Мешіттің үлкен залына ілінген ортадағы таза шыны (хрусталь) аспашамы әлемдегі ең үлкен аспашамдардың бірі саналады. Оның диаметрі – 27 метр, салмағы 20 тонна. Ол да түрлі көлемдегі хрусталь панельдерден құралған. Барлық хрусталь жеті түстегі 3 614 833 бөлшектен тұрады, әрқайсысы қолмен жиналған. Үлкен люстра 1 360 890 хрусталь бөлшектен құрастырылған. Сонымен қатар мешіттің төрт бұрышында диаметрі 8 метрлік төрт аспашам ілінген.

Мешіттің жалпы алаңы – 68 062 шаршы метр. Оның үлкен залы мен әйелдер намаз оқитын орынға толық кілем төселген. Бұл – әлемдегі қолмен тоқылған ең үлкен кілем. Оның жалпы ауданы – 15 525 шаршы метр. Салмағы – 4 700 гр/м2. Қалыңдығы – 15 мм. Кілем Жаңа Зеландияда таза (100%) жүннен тоқылған. Кілемнің ортасындағы медальонының диаметрі – 70 метр. Ол да әлемдегі ең үлкен кілем медальоны болып саналады. Кілемнің оюлары қазақша нақышпен безендірілген.

Мешіт қабырғаларына және күмбездің ішкі жағына түрлі түсті нақыштар, өрнектер мен оюлар, Құран аяттары, Алланың есімдері, дұғалар жазылған. Көбіне қазақша өрнектер қолданылған. Құран аяттарын ҚМДБ тарапынан құрылған арнайы комиссия ұсынды. Мысалы, үлкен күмбезге «Нұр» сүресінің 35-41 аяттары, галерея аймағына «Уақиға» сүресінің 1-46 аяттары, мешіттің сыртқы қабырғасына «Бақара» сүресінің аяттары мен басқа да аят-дұғалар жазылды.

Араб каллиграфиясын жазған – «Нұр-Мүбәрак» университетінің түлегі, әлемдегі атақты каллиграфия ұсталарынан сабақ алған қазақстандық хаттат Асылбек Байұзақұлы.

Мешіт астынан арнайы туннель салынған. Қалалық автобустар жерасты жолындағы аялдамадан жолаушыларды мешітке қалдырады. Қала тұрғындары дәл мешіттің қасына дейін қоғамдық көліктермен келе алады. Бұл мешітке келушілердің жолын қысқартады әрі жауын, аяз, боран сынды ауа-райы қолайсыз жағдайда қауіпсіз болып саналады.

Мешітте 440 орындық асхана бар. Онда құдайы астар, қайырымдылық іс-шаралар өткізіледі.

Мешіттің жертөлесінде 405 орындық жабық автокөлік паркингі орналасқан. Эскалатор немесе жеделсаты (лифт) арқылы паркингтен жоғары қабатқа көтеріле алады. Бұл қыс мезгіліндегі қатты аязда мешітке келушелерге өте қолайлы.

Бүгінде сыйымдылығы бойынша ең үлкен мешіттер:

1. Харам мешіті (Мекке, 638 ж.) (2 млн адам);

2. Нәбәуи мешіті (Мадина, 622 ж.) (1 млн адам);

3. Имам Риза мешіті (Иран, Мешхад, 818 ж.) (700 мың адам);

4. Шах Фейсал мешіті (Пакистан, Исламабад, 1986 ж.) (300 мың адам);

5. Ақса мешіті (Палестин) (250 мың адам);

6. Тәуелсіздік мешіті (Индонезия, Джакарта, 1978 ж.) (200 мың адам);

7. Алжир мешіті (Алжир, 2019 ж.) (120 мың адам);

8. Хасан ІІ мешіті (Марокко, Касабланка, 1993 ж.) (105 мың адам);

9. Патша мешіті (Пакистан, Лахор, 1678 ж.) (100 мың адам);

10. Жамиғ мешіті (Индия, Дели, 1656 ж.) (85 мың адам);

11. Чамлыджа мешіті (Түркия, Стамбұл, 2019 ж.) (65 мың адам);

12. Салих жамиғ мешіті (Йемен, 2008 ж.) (45 мың адам);

13. Шейх Зайд жамиғ мешіті (БАӘ, Әбу Даби, 2007 ж.) (40 мың адам);

14. Бәйтул мукаррам мешіті (Бангладеш, Дакка, 1960 ж.) (30 мың адам).



Соңғы жаңалықтар