Астанадағы перинаталдық орталық жүктілерді қабылдауды тоқтатты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мен дәрігерлер елордада екі апта ішінде үш рет ана өлімінің тіркелуіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров атап өткендей, әр жағдай бойынша тәуелсіз комиссия құрылған. Сондықтан, қазір адам өлімінің себебі мен қателіктер туралы айтуға ерте.

«№1 перинаталдық орталық штаттық режімде жұмыс істеп жатыр. Біз қазір босану бөліміне адамдар қабылдап жатқан жоқпыз. Орталықта босандыруды уақытша тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдадық. Біз мұны толықтай тексеру жүргізіп, диагностика мен емдеудің сапасына ықпал етуі мүмкін факторларды анықтау үшін жасап отырмыз. Қалада әйелдерді босандыруға дайын үш мекеме жұмыс істеп жатыр. №1 перинаталдық орталықтың науқастары сонда ауыстырылды», - деп хабарлады Надыров.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Сархат Бейсенова перинаталдық орталықта ауруханаішілік жұқпаның алдын алу үшін департамент мамандарының жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда зертханалық зерттеуді қолдана отырып, эпидемиологиялық тергеу жүріп жатыр.

Айта кетейік, Астанада екі апта ішінде үш жас ана өлімі тіркелген.

«№1 перинаталдық орталық жыл сайын 12 мың әйелді босандырып келеді. Соңғы екі жылда ешқандай ана өлімі тіркелген жоқ. Сондай-ақ, орталықта 5 мың күрделі ота жүргізілуде. Осындай қысқа уақыт ішінде үш әйелдің бақилық болуы - үлкен қайғы. Әйел адам 2 шілдеде 18:25-те қайтыс болды», - деді Надыров.

№1 перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Ербол Әубәкіров үшінші жағдайдың акушерлік асқынуға қатысты екенін атап өтті.

«Жүкті әйелден қан кетіп, ауруханаға түсті. Алғашқы сағаттарда арнайы көмек көрсетіліп, кесар тілігімен босандырып алдық. Баласы аман. Сәби 1800 грамм салмақпен мерзіміне жетіп дүниеге келді. Бұл фактор мерзіміне жеткен жүктілік кезінде баланың құрсақта кеш дамуы деп бағалануда.

Жүкті әйелдің медициналық құжаттарын тексеру кезінде оның денсаулығында дімкәсі болғаны анықталды. Ол кішкентай кезінен созылмалы анемиямен ауырған. Жүкті кезінде үш дәрімен емдеген, алайда ол дәрілер көмектеспеген. Оған қоса, әлеуметтік фактор да ықпал еткен. Науқас әйел 19 жасынан бастап зиянды әдеттерге бой алдырып, күніне 20-30 рет темекі шеккен. Яғни, никотинге тәуелді болған. Осы аспектілердің барлығы теріс әсер еткен», - деді Әубәкіров.

Соңғы жаңалықтар