Астанадағы Паралимпиадалық орталықта 3,4 мың адам тегін жаттығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мамандандырылған паралимпиадалық жаттығу орталығы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ол жерде спорттың 17 түрінен жаттығулар өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықаралық деңгейдегі мамандандырылған паралимпиадалық жаттығу орталығы 2018 жылы ашылды. Бүгінгі таңда бізде спорттың 17 түрі дамыған. Олардың бәрі ерекше физикалық қажеттіліктері бар адамдар үшін ақысыз жүргізіледі. Біздің орталыққа күн сайын 150-ге жуық адам келеді. Мұнда 3 негізгі зал бар – жаттығу, ойын және жекпе-жек залы. Сондай-ақ, келушілерге сауна және массаж қызметтері қарастырылған. Орталық ұсынатын барлық қызмет ерекше физикалық қажеттіліктері бар адамдар үшін тегін көрсетіледі», — деді «Каспий» спортты дамыту қорының атқарушы директоры Абдусаид Назаров.


Орталықта үстел теннисі, парадзюдо, паракаратэ, паратаэквондо, йога, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, бочча, голбол, парабадминтон, отырып ойнайтын волейбол, дартс, парапауэрлифтинг, парачерлидинг, парагрэпплинг және параармрестлинг сияқты спорт түрлері бойынша жаттығулар өткізіледі.



Ғимараттың жалпы ауданы 4 682,70 шаршы метр. Қазіргі уақытта орталық айына 3 400-ден астам адамды қабылдайды.
«Мен орталыққа 2018 жылы ашылғаннан бері келіп жүрмін. Бұл біз үшін, яғни мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте ыңғайлы. Мұнда барлығы қарастырылған, киініп, шешінетін бөлмелер кең, сол сияқты жуынатын бөлмелері де қарастырылған. Осындай орталық ашқанына алғысым шексіз», — деп атап өтті орталыққа келуші Асқарбек Бөлегенов.
Паралимпиадалық жаттығу орталығының жұмысы туралы қосымша ақпаратты 790-444 телефон нөмірі арқылы алуға болады.


Соңғы жаңалықтар