Астанадағы онкологиялық орталық ең озық құралдармен жабдықталады - Диляра Қайдарова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Онкология және паллиативтік көмектің өзекті мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог-дәрігері, Қазақ ұлттық онкология және радиология институтының директоры Диляра Қайдарова Астанада ашылатын жаңа онкологиялық орталықтың ең заманауи техникалармен жабдықталатынын жеткізді.

«Жаңа онкологиялық орталықта жаңа әдістер мен диагностикалауды енгізгіміз келеді. Онда молекулярлық-диагностикалық зерттеу, кибер-пышақ және қатерлі ісікті ертерек анықтауға мүмкіндік беретін томотерапия қолжетімді болмақ. Протондық терапия 2021 жылға дейін қалыпты емдеу түріне айналатын шығар. Протондық сәулелер рентгендік сәулелерге қарағанда, анағұрлым тиімді емдейді. Біз науқастарға, әсіресе балаларға жоғары мамандандырылған көмек көрсете алатын орталық құрғымыз келеді», - деді бас онколог.

Сонымен бірге, Қазақстанда ауруды басатын паллиативті көмекті дамыту - өзекті мәселеге айналып отыр.

«Паллиативті көмек бойынша Алматыда ашылған екі бригада табысты қызмет етіп жатыр. Астана мен Семейде ашылған мобильдік бригадалар науқастың үйіне барып, паллиативті көмек көрсетуде. Сонымен бірге Астанада хоспистер ашу жоспарланып отыр. Ауруханалар хоспис ретінде қайта жабдықталады. Қала өсіп келеді. Сондықтан, орынның көбірек болуын қамтамасыз ету керек», - деді Д.Қайдарова.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы өзінің халыққа арналған Жолдауында медициналық қызмет сапасының халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналатынын айтты. Президент 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар