Астанадағы нысандардан мыңнан астам өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактілері анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті атқарушы органдар өрт қауіпсіздігі талаптары мен нормаларына сай келмейтін сауда нысандарын анықтап, олардың басшыларын әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жалғасуда, - деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Кезектен тыс тексерістер 129 сауда нысанының ішінен 123-не қатысты жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптары мен нормаларын бұзу бойынша мыңнан астам факті анықталып, 118 нысан өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ереже бұзған нысан басшыларына нақты орындау уақыты көрсетілген жазбаша ұйғарымдар беріліп, оларды орындау бойынша мамыр айында бақылау-тексеріс өткізіледі. Егерде, аталған жазбаша ескертпелер орындалмаған жағдайда, заңға сәйкес, сауда нысанының қызметі уақытша тоқтатылатын болады.

Айта кететін жайт, сауда нысандарынан анықталған өрт қауіпсіздігін бұзу әрекеттерінің басым бөлігі, өрт кезінде адамдарды эвакуациялау тәртібінің жоқтығымен байланысты болып отыр. Себебі көптеген нысандарда төтенше жағдай кезінде шығатын жолдарды сауды орындары бөгеп тұр.

Кезектен тыс тексеріс жүргізу кезінде жобалық құжаттамалардың сәйкестігіне де назар аударылды. Тексеріс барысында, көптеген сауда ойын-сауық орталықтары, автопаркинг орындары қайта жоспарланып, тұрмыстық бөлмелер мен халыққа қызмет көрсету орындарына айналдырылған фактілерде анықталды. Құзыретті органдар бұл орындар мен бөлмелерді бұзу бойынша шешім қабылдады.

Сонымен қатар, тексеріс кезінде, міндетті түрде, нысан жұмыскерлері, күзет қызметтері және қонақтармен өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өрт туындаған жағдайда жасалатын іс-қимылдар бойынша тактикалық жаттығулар өтті.

Еске сала кетейік, қызмет көрсетуші персоналдың дұрыс іс-қимылдарды жасауға бағытталған 9 өртті-тактикалық оқулар мен 102 өртті-тактикалық сабақтар жүргізілді.

Соңғы жаңалықтар