Астанадағы Nomad City Hall театрына Әзірбайжан Мәмбетовтың есімі берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтандағы Nomad City Hall театрына Әзірбайжан Мәмбетовтың есімі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімет таратты.

«Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында еліміздің, елордамыздың мәдениетінде айтулы оқиғалар болып жатыр. Қазақ драма театры көптен күткен жаңа ғимаратта биылғы маусымын ашты. Елбасының тапсырмасымен салынған еңселі ғимарат ұлт руханиятына қызмет етеріне сенеміз. Мемлекет басшысы мәдениет саласы қызметкерлеріне айырықша көңіл бөліп келеді. Соның бір айқын дәлелі – Нұр-Сұлтан қаласының музыкалық жас көрермен театры аталатын жаңа өнер ордасының ашылуы. Ал бүгін міне «Nomad City Hall» театрына Халық қаһарманы, елордамыздың құрметті азаматы Әзірбайжан Мәмбетовтің есімі беріліп жатыр. Бұл – үлкен қуаныш» деп жазды шаһар басшысы Instagram парақшасында.

Әзірбайжан Мәмбетов есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Осы бір театр тарланының есімін мәңгі сақтау мақсатында театрға есімі беріліп отыр.

«Елордамызда ұлт мәдениетінің еңсесін тіктеуге зор үлес қосқан Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов – театр ғана емес, кино саласында да өзіндік қолтаңбасы қалған ірі тұлға. «Кеменің атын қалай қойсаң, солай жүзеді» демекші, Номад театры Мәмбетов мұрасына лайықты болып, көрерменін қуанта береді деп сенеміз» дейді Алтай Көлгінов.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін елордада жаңа театр ашылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар