Астанадағы ММА турнирінде екі қазақстандық чемпион атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 мамыр күні елордада аралас жекпе-жектен «BATTLE OF NOMADS-10» халықаралық турнирі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан ММА федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.

Бразилия өкілі Майкон Густавомен күш сынасқан Дмитрий Кудинов соңғы минутта айласын асырып, жеңімпаз атанды.  

Келесі кездесуде ресейлік Заур Тарикулиевпен айқасқан Махир Әлиев қарсыласын партерге салып, техникалық нокаутпен жеңді.

Ал Қарағандының тумасы Мақсат Өміртаев колумбиялық қарсыласы Даниэль Фелипенің мысын басуға санаулы минуттар ғана жұмсады. Осы жекпе-жекте де техникалық нокаут тіркелді.

Ал одан кейін октагонға кірген Исатай Теміровтің де айқасы жанкүйерлерді қуантты. Қарсыласы қырғызстандық Манас Темірбековке төрешілер алдымен сары қағаз көрсетті. Ал төртінші минутта Теміров оны нокаутқа жіберді.

Аралас жекпе-жек кешінің маңызды кездесулерінің бірі саналған BATTLE OF NOMADS Гран-приінің финал жекпе-жегінде 61,2 кг салмақта чемпион атағы үшін Абылайхан Мансур Қадыржан өзбек спортшысы Жасурбек Анарбаевпен бақ таластырды. Толық үш раундқа созылған шиеленіске толы айқаста төрешілер жеңісті бірауыздан қазақстандық спортшыға берді.

Осы кештің ең басты жекпе-жегі екі финалшы - Азия және әлем чемпионы, жеңіліп көрмеген Шавкат «Номад» Рахмонов пен тәжікстандық Фаридун «Номад» Одиловтың арасында өтті. Бұл  аса тартысты өтті. Екінші раундта тәжікстандық спортшы Қазақстан өкілін ауыр соққының астына алды. Соққының күшті болғаны соншалық, Шавкат тіпті теңселіп те кетті. Дегенмен жылдам ес жиған жерлесіміз бапкерлерінің тапсырмаларын бұлжытпай орындап, үшінші раундта қарсыласын техникалық нокаутқа жіберді. Осылайша, «Номад» Қазақстанға екінші чемпиондық атағын сыйға тартты.

Еске сала кетейік, аралас жекпе-жектен VI Қазақстан чемпионатымен қатар өткен «BATTLE OF NOMADS-10» турнирі Қазақстанның елордасы - Астананың 20 жылдығына арналды.

Соңғы жаңалықтар