Астанадағы мемлекеттік органдар ойдан шығарылған 70 түрлі қызметті көрсетуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнаманың кемшін тұстары көп. Мемлекеттік органдардың қызметкерлері осыны пайдаланып, сан алуан "ережелерді" ойдан соғып, жасырын қызметтерді көрсетіп жатады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мамандары мемлекеттік қызметтерді реттейтін заңнаманы зерделеу кезінде 67 олқылық пен бір-біріне қайшы келетін тұстарды тапты. Ал елордадағы мемлекеттік органдар заңның осы бір кемшін тұсын пайдаланып, 70 жасырын қызметті көрсетуде. Ал «жасырын мемлекеттік қызмет» дегеніміз не? Ол түр-тұрпаты жағынан мемлекеттік қызметке жатса да, мемлекеттік қызметтердің реестріне кірмейді. Демек, оған қатысты стандарт та жоқ, регламент те жоқ. Міне, дәл осындай жасырын қызметтер жемқорлық әрекеттерге жол ашады.

"Жасырын қызметтер жер қатынастары, білім беру, денсаулық сақтау, көші-қон, тұрғын-үй, қорғаныс пен сәулет басқарамаларында анықталды. Аталған органдарда жұмыс істейтін қызметкерлер рұқсат алуға келген адамдардан қосымша құжат сұрап, еш себепсіз уақытты созып отырады. Мәселен, 15 мемлекеттік органда қызметті дер кезінде көрсетпеу бойынша 12 000 факті анықталды. Осы уақытқа дейін 6 адам тәртіптік жазаға тартылды", - дейді  мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Гүлнұр Сәменқұлова.

Айта кетейік, жақында Астанада өткен жиындардың бірінде жер қатынастары мен тұрғын-үй басқармаларының жетекшілерін тәртіптік жазаға тарту мәселесі көтерілген болатын. Себебі аталған екі органда жемқорлық әрекеттерге себеп болатын жасырын мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. "Жақын арада біз осы материалдарды этика бойынша арнайы кеңестің талқысына шығарып, аталған екі басқарманың бастығын тәртіптік жазаға тарту мәселесін көтеретін боламыз», - деді ҚР Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің жетекшісі Роман Ким.

Соңғы жаңалықтар