Астанадағы медициналық ұйымдар қандай кемшіліктерге жиі жол береді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалы биылғы 6 айда жүргізілген мониторинг аясында көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне қатысты 31 мыңға жуық кемшілік анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тұрғындар көбіне медициналық қызмет сапасына, қызметтерді көп күту жағдайларына, консультативтік-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне (құрал-жабдықтардың болмауы, кезекті көп күту, жолдама бермеу, кадр жетіспеу), медициналық көмек көрсетуден, ауруханаға жатқызудан бас тарту, т.б. шағымданады. Олардың көпшілігі, тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді дұрыс ұйымдастыруға қатысты, яғни сол жерде медицина ұйымдарында шешімін табуы тиіс мәселелер.

«Процестерді цифрландыру адам факторының ықпалын барынша азайтады, жұмысын дұрыс атқармайтын қызмет жеткізушілердің жалған жазба толтырып, көзбояушылық жасауына мүмкіндік бере қоймайды, өйткені IT құралдарын қолдану медициналық ұйым тарапынан әрбір қадамды, пациентке қатысты әрбір әрекетті қағаз бетіне шықпай-ақ электронды форматта қадағалауға мүмкіндік береді. Енгізілген ақпараттың дұрыстығын тексеретін форматты-логикалық бақылаулар Қор сарапшыларына көмекке келеді. Орын алған кемшіліктер сарапшылар тарапынан расталғаннан кейін (немесе қабылданбағаннан кейін) ғана медициналық ұйымдарға ақы төленеді», - деп хабарлады филиалдың баспасөз қызметінен.

Бүгінгі күні қор медициналық көмектің сапасын бағалау мониторингінің әртүрін, қажет болса медициналық ұйымдарға бара отырып, ағымдағы немесе жоспарлы, мақсатты, проактивті және жоспардан тыс мониторинг жүргізеді. Ж оспардан тыс мониторинг кері байланыстың ресми арналары арқылы пациенттердің өздерінен түскен шағымдар мен өтініштер негізінде ғана арқылы жүргізіледі. Әрбір осындай сұрауды Қор сарапшылары пациенттің тарихын толық талдай отырып және оған ұсынылатын медициналық көмектің сапасын бағалап, жеке тәртіппен қарап, пысықтайды. Егер шағым негізділігі дәлелденсе және медициналық ұйым тарапынан бұрмалаушылықтар анықталса, қор экономикалық ықпал ету шараларын қолданады.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2022 жылдың 6 айында көрсетілген медициналық қызмет сапасы мен көлеміне жүргізілген түрлі мониторингтер аясында 30 938 кемшілік (дефект) анықталып, 778 млн 861 мың теңге алынды. Оның ішінде, тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) аясында 429 млн 570 мың теңге сомасына 3980 кемшілік анықталды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде 349 млн 291 мың теңге сомасына 26 796 кемшілік белгілі болды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының медициналық қызмет сапасы мен көлемін мониторингілеу бөлімі жоспардан тыс мониторинг бойынша 106 қорытынды жасаған, оның 17-сі негізді шағым екені дәлелденді. Жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде алынған сома 7 млн 379 мың теңгені құрады.

Ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер бойынша, жоспарлы емдеуге жатқызуды күту мерзімі бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ға өскені байқалады.

«Өткен жылмен салыстырғанда, 2022 жылы ота жасау көрсеткіші 9,8%-ға өсті. Тек жоғары технологиялық медициналық көмек қолдану арқылы МӘМС бойынша 10,2 млрд теңге сомасына қосымша 3 888 қызмет көрсетілді. Кардиология бойынша 1218 пациент емделген, кардиохирургиялық ота 649 пациентке жасалса (қан айналымы жүйесі аурулары - 1060), 223 адамға нейрохирургиялық ота, 92 пациентке ортопедиялық ота, несеп-жыныс жүйесі аурулары – 977, ал 217 пациентке ас қорыту сырқаттары бойынша жасалды», - деп жазды баспасөз қызметі.

Ондағы мәліметтерге қарағанда, барлығы 28 972 пациентке ем жүргізілген, оның ішінде, бір жасқа дейінгі балалар - 7453, 1-14 жастағы балалар - 19 622, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер - 1697. 172 балаға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіп, стационарда емделді.

0-28 күндік 3 194 нәрестеге 1 млрд 414 мың теңге сомасына медициналық көмек көрсетілді, оның ішінде 171 балаға 241 млн 591 мың теңге сомасына, оның ішінде 24 балаға 68 млн. 125 мың теңге сомасына жоғары технологиялық медициналық көмек арқылы жүрекке ота жасалып, оңалтудың бірінші сатысынан өткен. 17 балаға арнайы медициналық көмек арқылы 31 млн 725 мың теңге сомасына ота жасалды.

«Біздің сарапшылар медициналық қызметтің қолжетімді болуы және сапасының жақсаруы үшін, яғни пациент құқығы сақталуы үшін тұрақты жұмыс жүргізеді.

Қормен ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер көрсетуге шарт жасай отырып, медициналық ұйым халыққа сапалы медициналық көмек көрсету және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті өзіне алады. Жеткізушіге қойылатын бұл талаптар шартта жеке тармақпен белгіленген және олардың орындалуы Қор тарапынан бақыланады» - деп атап өтті Медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының директоры Н.Қабдықапаров.

Егер емхана деңгейіндегі жағдайды шешу мүмкін болмаса, емделушілерде медициналық сақтандыру қорына кері байланыстың ресми арналары арқылы жүгіну мүмкіндігі бар:

Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы

@saqtandyrybot телеграмботы

1406 байланыс орталығы

Қордың fms.kz сайты

Сарапшылар ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу бойынша кеңес береді, мәртебесі мен төлемі бойынша ақпаратты тексереді, қажет болған жағдайда мәселені шешуге медициналық ұйымның сарапшыларын жұмылдырады.


Соңғы жаңалықтар