Астанадағы «Мәңгілік ел» аркасының үстінде шолу алаңы ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Мәңгілік ел» салтанатты аркасының үстінде қала көркін тамашалайтын шолу алаңы мен көрме галереясы ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап тұрғызылған Салтанатты арканың биіктігі де 20 метрді құрайды. Шолу алаңына дейін келушілерді кәсіпқой гидтер Ақмола өңірінің қалыптасуы мен тарихы көрсетілген фотосуреттері бар баспалдақпен алып жүреді және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қала тарихымен таныстырады. Ерекше күтімді қажет ететін келушілер үшін арнайы лифт орнатылған.

null 

Қақпаның жетінші қабатында аумағы 120 шаршы метр болатын жаңа көрме залы орналасқан. Онда шетелдік және отандық суретшілердің, мүсіншілердің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары қойылып, түрлі фотокөрмелер өткізіледі деп жоспарланған. Көрме залы арқылы қақпа төбесінде орналасқан шолу алаңына шығуға болады. Келушілер шолу алаңының төрт бұрышына қойылған төрт дүрбімен тұтас қаланы тамашалай алады.

4 

«Қақпа дүйсенбіден өзге барлық күні, таңғы 10-нан кешкі17:00-ге дейін жұмыс істейді. Әрине, ЭКСПО қарсаңында қала қонақтарының көбеюіне байланысты, жұмыс уақытын ұзарту көзделіп отыр. Кіру құны ересектерге - 500 теңге, балаларға - 350 теңге. Бұл орыннан келушілердің қазақ халқының өнері мен мәдениеті туралы өте құнды деректер мен ұмытылмас әсер алып кетері анық. Жаңа шолу алаңы туристердің қызығушылығын оятып қана қоймай, түлектер мен жас жұбайлар арасында танымал орынға айналарына үміттенеміз», - деп атап өтті Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

5 

Атап өткен жөн, салтанатты аркаларда шолу алаңдары мен көрме залдарын ашу әлемдік тәжірибеде бар. Оған дәлел - Париж, Барселона, Мумбай, Бухарест қалаларындағы қақпалар. Әсіресе, Париждің Шарль де Голль алаңында орналасқан триумфалды аркаға жыл сайын миллиондаған туристер келеді.

«Мәңгілік ел» салтанатты аркасы - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2011 жылы тұрғызылған. Авторлары - сәулетші Сағындық Жамболатов және мүсіншілер Мұрат Мансұров пен Нұрлан Далбай. 

Соңғы жаңалықтар