Астанадағы қысқы бал: Ұйымдастырушылар қайырымдылық жобаларға 80 млн теңгеден астам қаржы жинады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада «Болашақ» корпоративтік қоры Қысқы қайырымдылық балын өткізді. Бұл шара жыл сайын ерекше қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алу проблемасына қоғамның назарын аударту және талантты жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылады. Жиналған қаражат қордың «Әр балаға лайықты мектеп» және «Жол жүру гранттары» әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға жұмсалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан журналистерге жыл сайынғы Қысқы қайырымдылық балын қор соңғы 10 жыл бойы өткізіп келе жатқанын айтты. Балды ұйымдастырушылар үшін – бұл ең алдымен көптеген компанияның қолдауымен жебеушілік және демеушілік актісі. Мұның бәрі де серіктестердің арқасында ғана мұмкін болып отыр. Балдың түпкілікті мәні қордың визит картасына айналған дебютанттардың өнер көрсетуі ғана емес, сонымен бірге жиналған қаражат есебінен жүзеге асырылатын бағдарламалар да.

«Біз үшін ең алдымен қаражат жинау, сонымен қатар қорымыздың тарапынан жүзеге асырылатын жобаларды қысқаша таныстыру да өте маңызды», - деді Динара Гаплан.

Биыл Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің белсенді ақпараттық қолдауымен өтіп жатқан қайырымдылық балының арқасында 10 жылдың ішінде 800 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. «Болашақ» қоры түскен қаражатқа 70 мамандандырылған оңалту мекемесін, оның ішінде Қазақстанның 22 қаласында 46 инклюзивті қолдау кабинетін ашты және жабдықтады. Инклюзив саласында 500-ден астам мамандандырылған жұмыс орны ашылды. 3 мың маман мен ата-ана инклюзивті білім беру мен мінез-құлықты қолданбалы саралау бойынша оқудан өтті. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға және ерекше қажеттілігі бар адамдарға 93 жол жүру және 17 білім беру грантты тағайындалды.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, ерекше балалардың құқықтарын жүзеге асыру үшін «Болашақ» қоры инклюзивті білім беру бөлігінде ҚР заңнамалық актілеріне 70-тен астам сапалы ұсыным мен түзетулер енігізді.

Сонымен қатар қордың қолдауымен жыл сайын дислексиясы мен дисграфиясы бар 500-ден астам бала білікті мамандардан көмек алады. Халықаралық гендік дерматоз жөніндегі қауымдастыққа операциялар жасауға, арнаулы косметикалар сатып алуға және жұмыс ерекшелігі буллезді эпидермолизмге (көбелек балалар) шалдыққан балалармен жұмыс істеу саналатын қазақстандық дәрігерлердің білімін жетілдіруге жәрдемдесті.

Жылдан жылға көптеген компания әлеуметтік жауапкершілік танытып, балды ұйымдастыруға қолдаукөрсетіп келеді. Осы жылдардың ішінде балды өткізуге 150-ден астам демеуші мен серіктес қосылды.

Бірегей лоттар – өнер туындылары, антиквариаттар мен спорттық атрибутикалар бәссаудасы кештің шырқау шегіне айналды.

Биыл сауда-саттыққа 1940-1950 жылдары қолдан тоқылған кілем, «Бөрте» қойылымы бас кейіпкерінің сәукелесі, АҚШ-тың 14-ші Президенті Франклин Пирстің қолы қойылған 1856 жылғы жер учаскесін ұсыну туралы құжат, 1911 жылғы бүкіл әлем халықтары әндерінің нота кітабы, асыл тұқымды Ангус ірі-қара малы және басқа да лоттар шығарылды.

Даңқты «Дос-Мұқасан» тобының гитарасы бәссауданың басты лотына айналды. Музыкалық аспапты ансамбльдің негізін қалаған Досым Сүлеев сыйға тартқан. Ол дәл осы гитарамен «Жан досым» әнін шығарған еді. Бірегей гитара мен «Дос-Мұқасан» тобының винилді пластинкаға жазылған алғашқы хит әндері аукционда 11 миллион теңгеге сатылды. Қор серіктестерінің атынан тігілген бағалы сыйлықтар ұтысы да кеш қонақтарының көңіліне қуаныш сыйлады.

Жалпы, әр жылдары Қысқы қайырымдылық балына Александр Винокуров, Илья Ильин, Геннадий Головкин сынды Олимпиада чемпиондары мен танымал спортшылар қолдау көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бал тарихындағы ең қымбат лот режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильміндегі реквизит – Тұмар патшайымның алқасы болды.

30 жұп дебютанттардың жарқын қойылымдары бал қонақтарының көңілінен шықты. Қысқы қайырымдылық балдарын қоюшы-хореограф, Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы, Қазақстан Республикасының би спорты федерациясының мүшесі Евгений Моисеевпен бірге мамандықтары әр түрлі жастар бірнеше ай бойы бар ықыласын салып жаттықты.

Дәстүрлі түрде бал дебютанттардың өнер көрсетуімен басталады. Осыдан кейін іс-шараға қатысушылардың бәрі вальс билейді.

Қысқы бал – бұл мән-мағынасы бар іс-шара. Тіпті дебютанттарды іріктеуде, кастинг уақытында волонтерлік қызметте тәжірибесі бар жастарға баса назар аударылады. Олар сол арқылы қордың жүйелі жобаларына қолдау көрсетеді, деп атап өтеді ұйымдастырушылар.

Бал дебютанттарының бірі, 24 жастағы Диас Мырзалиев мұндай іс-шараға алғаш рет қатысқан.

«Тараздың тумасымен, Астанада тұрып жатқаныма 2 жыл болды. Студент кезімде, сонау 2017 жылы-ақ балға қатысқым келген еді. Бірақ, Алматыда оқып жүргендіктен сәті түспеді. Астанаға қоныс аудара салысымен әлеуметтік желілер арқылы жіті қадағалай бастадым. Биыл жарнаманы көз шалған сәттен-ақ тіркелдім. Босқа дайындалмадық, сенімді билеп шықтық. Ең алдымен үлкен бір істің, қайырымдылық шараның бөлігі болғым келді. Бұл іс-шара көптеген балаға көмектеседі», - деді Диас.

Инклюзивті білімді және талантты жастарды қолдау мақсатында өткен қайырымдылық балында 80 млн теңгеден астам қаражат жиналды.

Жиналған қаражат қордың «Әр балаға лайықты мектеп» және «Жол жүру гранттары» әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға жұмсалатын болады. Қайырымдылық қаражатының қайда жаратылып жатқаны ашық болуы үшін қордың bolashakcharity.kz сайтында қаржылық есеп-қисап жария етіледі.

«Инклюзия – бұл қарапайым мектепте оқитын аутизмі бар балалардың құқықтары ғана емес. Бұл Даун синдромы, сал аруына шалдыққан балалардың, иммигрант бүлдіршіндердің, өмірлік қиын жағдайға тап болған және өзге де санаттағы балалардың да құқықтары. ҚР Конституциясына және барлық адамзат заңдарына сәйкес, әр балада сапалы білім алу және дарынын дамыту мүмкіндігі болуы тиіс. Білім – шын мәнінде салым салуды қажет ететін сала. Өйткені, болашақ білімді ұлттың арқасында қалыптасады», - деп атап өтеді қордан.

2022 жылғы XIII Қысқы қайырымдылық балы ақпараттық серіктестерінің бірі «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Jibek Joly телеарнасы болды.


Соңғы жаңалықтар