Астанадағы Кремний алқабы қандай жаңалықтар ұсынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ашылған Кремний алқабы бұрышында Cisco, SAP, ORACLE және MasterCard компаниялары өз жобаларын таныстырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.  

Атап айтқанда, Cisco компаниясының өкілдері «ақылды» қалалар мен көлікке арналған цифрлық технологияларды таныстырды. Cisco бөлімінде келушілер қалалық инфрақұрылым мен сервисті цифрландырудың қала дамуына қалай ықпал ететінін көре алады және интеллектуалды басқаруы бар көше шамының демо-нұсқасын көре алады.

«Тұрғындардың өмірін жайлырақ ету мақсатында қашықтықтан білім алу, мемлекеттік қызметтерге қашықтықтан қолжетімділік бойынша сынамалы жобалар әзірленіп жатыр.  Мұның барлығы мемлекет пен тұрғындарға да цифрлық өзгерістер әкелген артықшылықтарды көрсетеріне сенімдіміз», - деді Сиско Системз Незерлендз Холдингз Б. В. Өкілдігінің директоры Дмитрий Шустер.

Өз кезегінде, SAP компаниясы логистика, көлік, энергетика және егін шаруашылығы салалары үшін жаңа цифрлық технологияларды ұсынды. Мәселен, цифрлы энергетика технологиясының көмегімен, түрлі аудандарда өндіріліп жатқан энергия көлемін көруге болады. Ауыл шаруашылығы саласында, фермерлер өз алқаптарын онлайн бақылау мүмкіндігіне ие. Арнайы тетіктер арқылы жұмыс істейтін жүйе алқаптағы топырақтың құрғақ екенін, жақын арада жаңбыр жаумайтынын және қосымша суаруды қажет ететінін ескертеді.

Одан бөлек, Қазақстандағы SAP басқарушы директоры Максим Ламсков компанияның тағы екі жаңалығын таныстырды.

«Атап айтқанда, Гамбург порты деп аталатын жаңалықта компания өндірістік активтерін өсірмей-ақ, жүкті онлайн тиеу-түсіру режимі арқылы жүк айналымын 178%-ға арттырды. Екінші мысал, әуе компанияларының рейстерді бөлу қызметіне байланысты. Бұл жүйе қолайсыз ауа райы салдарынан және ұшаққа жөндеу жұмысын жүргізу қажеттігіне байланысты рейстердің кешігуі мен тоқтауы туралы алдын ала ескертеді», - деді ол.

MasterCard компаниясы да мемлекеттік сектордағы жаңа инновациялық төлемдер шешімін көрсетті.

«Компаниямыздың басты міндеті қолма-қол төлемсіз әлем деп аталады. Атап айтқанда, Алматыда жергілікті метрополитенмен бір жобаны жүзеге асырдық. Бұл жолақысын турникет арқылы төленетін бесінші қала атанды. Онда тұрғындар тек қана банк картасымен емес, Apple-pay мобильді төлем жүйесі арқылы ұялы телефонды немесе сағатты турникетке тигізу арқылы төлем жасай алады. Сонымен бірге, банк қызметіне қосылмаған халық тобы үшін де оңтайлы шешім ұсынамыз: дәстүрлі банк чипіне төлем қосымшасымен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жеңілдік алуына мүмкіндік беретін әлеуметтік қосымша да орналастырылады», - деп түсіндірді Қазақстандағы MasterCard кеңсесінің басшысы Геният Исин.

Oracle жөнінде айтар болсақ, корпорация мемлекеттік билік органдары мен коммерциялық сектор қызметін оңтайландыруға арналған технологиялық шешімдерін көрсетті.

«Заманауи әлемнің талаптарын ескере отырып, біздің стенд ұйымдарға ауқымды деректерді талдау, машиналық оқыту, интернет-заттар секілді заманауи технологияларды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін шешімдерді ұсынады. Одан бөлек, бұлттық технологиялардың ауқымды спектрін ұсынамыз. Ол мемлекеттік сектордың да, коммерциялық сектордың да қызметін оңтайландыруға септігін тигізеді», - деп атап өтті корпорация өкілі.

Еске сала кетсек, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында Кремний алқабы бұрышы ашылды. «Кремний алқабы» бұрышын ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ Қазақстанда Кремний алқабының өкілдігін ашу туралы келісім аясында Cisco, SAP, Oracle, Mastercard компанияларымен ынтымақтаса отырып әзірледі. Оның негізгі міндеті экономиканы цифрландыру бойынша «Зерде» серіктестерінің жаңа шешімдерін және шет мемлекеттерде, экономиканың түрлі салаларында қолданылатын тәжірибелерді таныстыру болып табылады. Тағы бір айта кетерлігі, ЭКСПО көрмесінен кейін де Кремний алқабы бұрышы өз жұмысын жалғастырады және оның алаңында әлемдік ауқымдағы түрлі стартаптар таныстырылады.

Соңғы жаңалықтар