Астанадағы көппәтерлі үйдің тұрғындары құм аралас су ішіп отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша салынған көппәтерлі үйді  қала әкімдігі екі жылға кешіктіріп тапсырған еді. Енді, ауыз су мәселесі басталды. Сауран көшесіндегі 20-үйдің тұрғындары төрт айдан бері құм аралас суды ішіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы күз айында суық суды қосқанда құм шыға бастады. Оның өзін бірден байқаған жоқпыз. Оған дейін тамақ әзірлеуге пайдаландық. Бір күні ыдыс-аяқ жуып жатқанда ақ кесенің түбіндегі құмды байқадым. Бірден дабыл қағып, қызмет көрсетуші компанияға хабар бердік. Алайда бір күн өтті, екі күн өтті, бір апта, төрт ай болды, құм толастайтын емес. Кір жуғыш машинкаларымыз бітеліп жатыр. Ауыз шаюға, тіс жууға қорқамыз. Унитаздың су жинағышы құмға толып кетті. Сұмдық қой! Астананың қақ ортасында отырып, құм аралас суды ішіп отырмыз», - дейді Гүлмира есімді тұрғын.

Аталған үйге «Альянс Сервис» ЖШС қызмет көрсетеді. Компания басшысы Беймбет Уәлиевтің айтуынша, құм аралас судың шығуына «Астана Су арнасы»  МКК жауапты. Себебі ортақ құбырдың бір жері тесілген. Енді, құм аралас топырақ магистральға түсіп, «Сауран-20» көппәтерлі үйге кетіп жатыр. «Мен оларға талай рет айттым, ортақ құбырдың тесілген жерін табу қажет. Біз былтырдан бері хат жазып жатырмыз. Былай да қоңырау шаламыз. Соңғы кезде олар үндемей құтылатын болды. Мен анық айта аламын, ортақ құбыр бір жерінде тесілген. Жердің астында болғаннан кейін көрінбейді. Су сорғыларын өшіргенде құбыр құм аралас топырақты ішіне тартып алады. Ал су сорғылары қайта қосылғанда «Сауран-20»-ға қарай айдайды. Осыны айтсам, тыңдамайды. Құбырдың жарылған жерін іздегісі келмейді-ау деймін. Судың жер бетіне шыққанын күтіп жүрген шығар. Осы Сауран мен Сығанақта ылғи құбыр жарылады», - деді Б.Уәлиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, бас кезінде құмға қарсы фильтрді қойып көрді. Алайда аталған құрылғылар бірден бітеліп қалады. Себебі ортақ магистральдан келетін құм толастамай жатыр. «Фильтр он минуттың ішінде бітеліп қалады. Оны олай да, былай да қойдық. Түк шықпады, фильтр бітеледі де су жоғары қабаттарға көтерілмейді. Сосын фильтрді мүлдем алып тастадық», - деп атап көрсетті Б.Уәлиев.

Соңғы жаңалықтар