Астанадағы кеңселердің бірінде 3 метрлік алып жылан өмір сүреді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Заңгер әрі журналист Тоқберген Әбиевтің Астанадағы кеңсесінде 3 метрлік жылан өмір сүреді.

Тропикалық аймақта мекендейтін уы жоқ бұл жылан қазіргі кіп-кішкене әйнек үйіне әбден үйренген сияқты. «ҚазАқпарат» тілшілері бүгін «Балашка» атты жыланның  «үйіне» барып, адам айтса сенгісіз тіршілікпен танысып қайтты.

«Менің аты-жөнім Тоқберген Әбиев. Өзім журналист әрі заңгермін. Бұл жыланды осы жылдың қысында маған сыйға тартқан. Қазір жасы үште. Ұзындығы 3 метр. Террариум жасап, жыланымды бағып-қағамын. Оған әбден үйреніп алдым. Оның аты - Балашка. Әбиев Балашка Тоқбергенұлы деп әзілдеймін көбіне. Тропикалық аймақты мекендеген жорғалаушы ауырып қалмасын деп, жылы мезгілдерде кеңсенің алдына шығарып «қыдыртамын».  Жүрген-тұрған адамдар әрине, жабайы жорғалаушыны көргенде шошып та жатады. Қызығып, суретке түсіп жататындар да бар. Кейбір адамдар тіпті, жыланмен суретке түсу үшін мені ақша алады деп ойлайды екен. Олай емес. Сұрағы бар адамдарға тегін түсіндіріп, тегін суретке түсуге рұқсат беремін. Сондықтан болар, әлеуметтік желіні аралаған суреттер «Балашканы» жұлдызға айналдырып келеді. Жалпы, далаға шығарып жүргенімнің бір себебі - Балашка адамдарға көп үйренсе деймін. Қанша дегенмен, жабайы жорғалаушы ғой. Ал, өзіме әбден үйренген. Мені ұғып, түсінеді деп ойлаймын. Өзім жуындырып, өзім асты-үстін тазалаймын»,-дейді жыланның қасында отырып емен-жарқын әңгімелескен Т.Әбиев.

Жалпы, Тоқберген Әбиев ақпараттық-құқықтық порталдың жетекшісі ретінде сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өзі құрған департаменттің басшысы ретінде сыбайлас жемқорлықпен күресу ісін бірінші мақсаты деп белгілеген екен. «Ал, асырап отырған жыланым жемқорлар мен алаяқтарды тез танып, оларды бірден қылқындырады. Жұмысқа қабылдайтын әр адамды Балашканың тексеруінен өткізетін болдым»,-дейді әзіл-шынын араластырған Т.Әбиев.

«Айына бір рет бір қоян немесе бір тауық жейді. Ең азы, 20 күнде бір рет осылай тамақтандырамын. Бірнеше күн ішінде кептеліп тұрады да сол тамағын бір ай бойы қорытады. Жолбарыс тәрізді уы жоқ бұл ірі жыланның ұзындығы 9 метрге дейін жетеді екен. Бірақ, сабырлы жылан. Жемін буындырып өлтіреді. Менің естуімше, иесіне шабатын жыландар бар. Бірақ, бұл питон маған тиіспейді, тіпті аузында ашпайды. Кейде судан шыққысы келмегенде ғана ысылдаған дауыс шығарады. Тамақ ішкеннен кейін де мазалап, тиіспеу керек. Далаға шығарғанда да, кеңседе де мен қасындамын, сондықтан, бір жаққа жорғалап кетпейді. Қанша жерден қолға үйренсе де, жыланның аты жылан ғой. Сондықтан, әйелім «балалардың қауіпсіздігі үшін үйге ұстамайық», деді. Осылайша, міне, Балашка атты жылан кеңседе өмір сүріп жатыр»,-дейді ол.

Тоқберген Әбиевтің салт-дәстүрі бойынша, «ҚазАқпарат» тілшілері де усыз жыланның «жемқорлыққа қарсы» тексеруінен өтті. Денесі тастай суық, өзі ауыр. Сабырлы. Шап бермейді. Бірінші рет көріп тұрғанына қарамастан, оның үстіне, камера мен өзге де у-шуға қарамастан тілшілерді қылқындырып, шабуыл жасаған жоқ. Керісінше, мойыннан түскісі келмей, айналасында болып жатқан оқиғаға таңырқай қарады. 

null  

Соңғы жаңалықтар