Астанадағы қайғылы оқиға: Бақытжан Сағынтаев Қасымов пен әкімдерге нақты тапсырмалар берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі жылу беру маусымы аяқталғанша өрт қауіпсіздігі айлығын қайта бастасын. Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа осындай тапсырма жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдағы тәуліктерде бірқатар өңірде күн суытады деп күтілуде. Сол себепті әкімдіктердің, өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметтерінің назарын өрт қаупі мәселесіне аударамын. Жылу беру жүйелерінде жылу температурасы артады. Жеке үйлерде пеш жағу күшейеді. Сондықтан қауіпсіздік техникасының сақталуына ерекше мән беріңіздер. ІІМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жылу беру маусымы аяқталғанша өрт қауіпсіздігі айлығын қайта бастасын. Қалмұханбет Нұрмаханбетұлы, бұл мәселе сіздің жеке бақылауыңызға», - деді Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрі Қасымовқа қарата.

Сонымен қатар Премьер-Министр жылу мен энергия беретін барлық ұйымдар, әкімдіктердің тұрғын үй-коммуналдық қызметтері тұтынушыларды жеткілікті деңгейде жылумен және жарықпен қамтамасыз етсін деген тапсырма берді.

«Барлық қызметтер іркіліссіз және апатсыз жұмыс істеуі қажет. Әкімдіктердің ерекше бақылауына алынсын», - деді Үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желіде өрт қауіпсіздігін тексерушілердің жөнсіз қылықтарын сынау күшейіп тұрғанына да назар аударды.

«Әлеуметтік желілерде айтылып жатыр, тексерушілер жеке үйлерге өрт қауіпсіздігін тексеруге келген кезде үйге кіреді екен де: «Ештеңе тексермей-ақ қояйын, ақша берсең кете береміз» дейді екен. Мәселенің барлығы содан басталып отыр. Осыған баса көңіл аударыңыздар. Қатаң талап болуы керек. Сонда ғана кешегідей болған қайғылы жағдайға жол бермейміз», - деді Премьер-Министр.

Бүгінгі Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өрттен қаза тапқан 5 баланың ата-анасына көңіл айтты.

Еске сала кетейік, 4 ақпан күні түнде елорданың Сарыарқа ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанада өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылғы 5 қыз баланың денесі табылды.

Олардың кішісі небәрі 11 айлық сәби еді. Өрт кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған.

Соңғы жаңалықтар