Астанадағы кәсіпқой бокс кеші: Тағы 2 қазақстандықтың қарсыластары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсететін тағы 2 қазақстандық боксшының қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап.

Бірінші жартылай орта салмақтағы қазақстандық боксшы Айдар Шәрібаев (8-1, 7КО) Ресей атынан рингке шығып жүрген Қырғызстан тумасы Шохрух Абдиевпен (9-2-1, 3КО) қолғап түйістіреді. Жекпе-жек форматы - 6 раунд.⠀
Шәрібаев үшін бұл биылғы жылдағы алғашқы айқас болады. Бұған дейін ол 2020 жылдың 18 желтоқсанында өзбек Шовкат Халиловты бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.

Бірінші жартылай орта салмақтағы Дәулет Дәукенов (9-2, 4КО) болса, Гана өкілі Анама Дотсемен (18-4, 17КО) кездеседі. Жекпе-жек 6 раундқа есептелген.

Дәукенов бұның алдындағы айқасын биылғы 13 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өткізді. Ол өзбек Расул Тулебаевты (0-1) бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

18 желтоқсан күні елордада ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кәсіпқой бокс кеші өтетінін бұған дейін жазған болатынбыз. Кештің басты айқастары: жартылай орта салмақтағы Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) пен «Есі кеткен» лақап атымен танымал мексикалық боксшы Данте Хардон (34-7, 25 КО), сондай-ақ ауыр салмақтағы боксшымыз Иван Дычко (10-0, 10 КО) мен 44 жастағы ресейлік Александр Устинов (36-5-1, 27 КО) арасында өтеді.

Олимпиада чемпионы Д.Елеусінов бірден екі титул: IBF Inter-Continental нұсқасы бойынша әлем чемпионы және IBO титулы үшін қолғап түйістіреді.

Бұл күні рингке сондай-ақ, Данияр Елеусіновтің інісі Дәурен Елеусінов (8-1-1, 7 КО) шығады.

Профибокс кеші «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.




Соңғы жаңалықтар