Астанадағы IT-университет төрт бағытта мамандар даярлайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО көрмесі аймағында бір павильон IT-университетке арналған. Бүгінде ол жерде қайта құру жұмыстары атқарылып жатыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

IT және жаңа теxнологиялар департаментінің бас менеджері Замир Ибраевтың айтуынша, IT-университет С-1 деген Халықаралық павильонда орналасады. Қайта құру жұмыстары аясында оның ауданы 24 мың шаршы метрден 35 мың шаршы метрге дейін кеңейтіледі. Барлық шаралар ағымдағы жылы 1 қыркүйекке дейін аяқталады деген жоспар бар.

«Жаңа университет ақпараттық теxнологиялар саласындағы әлемнің үздік жоғары оқу орындарымен бірлесіп ашылады. Ол жерде маман даярлаудың екі бағдарламасы болады. Бірінішісі - жедел инновациялық бағдарлама, ал екіншісі - қайта даярлау бағдарламасы. IT-университет төрт мектептің негізінде жұмыс істейді. Олар - киберқауіпсіздік (cyber security), компьютерлік ғылым (computer science), индустриалдық инжиниринг және IT менеджмент», - деді З.Ибраев журналистерге берген сұxбатында.

Оның сөзіне қарағанда, оқытуға шетелдік мамандар да тартылады. Әзірше, оқудың ақысы және тағы басқа мәселелер пысықталып жатыр.

«Енді, ол университет мемлекеттік жоғары оқу орны болады. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі өзі анықтайды. Гранттар бөлінеді. Басқа университеттер сияқты оқытатын шығар. Бастапқыда 1 мыңға дейін адам қабылданады. Одан кейін студенттердің саны 2 500-ге дейін артады деген жоспар бар. Себебі ғимараттың сыйымдылығы соған жетеді», - деп атап көрсетті З.Ибраев.

Айта кетейік, өткен жылы Astana Hub халықаралық технопаркінің ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа IT-университеттің ашылуы жайында айтқан болатын.

«Қазіргі кезде Назарбаев университеті, IT-технологиялар паркі сияқты ақпараттық кластерлер бар. Бүгін маған ЭКСПО негізінде жаңа IT-университеттің ашылатыны жайында хабарлады. Аталған жоғары оқу орны 2019 жылы 1 қыркүйектен бастап іске қосылады», - деді Н.Назарабаев.

Соңғы жаңалықтар