Астанадағы EXPO алаңында Жаңа Жыл Fest жәрмеңкесі өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 17-19 желтоқсан аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында «Жаңа жыл Fest» жаңажылдық жәрмеңкесі өтеді. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ұйымдастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаңа жыл Fest» жәрмеңкесі – микробизнес, шағын және орта бизнес өкілдерін (оның ішінде отандық өндірушілер), сондай-ақ қолдан жасалған бұйымдарды ұсынатын Астана қаласы мен ел өңірлері (Көкшетау, Қостанай, Өскемен, Қызылорда, Шымкент, Алматы қалалары, Ақмола мен Маңғыстау облыстары және т.б.) қолөнершілерінің басын қосып, қолдау көрсететін әлеуметтік жоба. Іс-шараға 200-ге жуық қатысушы атсалысады.

Жәрмеңкеде әртүрлі іс-шаралар өткізіледі: жаңажылдық сауда, Аяз ата, Ақшақармен ертеңгіліктер, қуыршақтармен интерактивті іс-шаралар, киізден мерекелік шұлық жасау, слайм, білезіктер, шырша әшекейлері, киізден жасалған қабырғаға ілетін шамдар, ашықхаттарға арналған аппликациялар жасау бойынша балаларға арналған шеберлік сағаттары, сонымен қатар келушілерге жаңажылдық фотоаймақтар, мультфильмдер және т.б. ұсынылады.

Жәрмеңке барысында келушілер Жаңа жылға арналған сыйлықтар мен кәдесыйларды таңдап алып қана қоймай, мереке күндері қарсаңындағы демалыстарын қызықты өткізе алады.

Сонымен қатар жәрмеңке аясында жастарға арналған мәдениет және спорт фестивалі – Qogam Urban Festival өтеді. Q-FEST 12 бағыт бойынша ұйымдастырылады: Hip-Hop, Breaking, Freestyle, скейтбординг, футбол фристайлы, паркур, агрессивті роликтер және т.б.


Соңғы жаңалықтар