Астанадағы «Доллар» атанып кеткен ғимараттың тарихы
«Қазақстан қаржы министрлігінің ғимараты да өзінің желбіреген жалаудай ерекше пішінімен көз тартады. Ғимарат кейде тербелген толқынды елестетеді. Десек те, Астананың көзі өткір кейбір тұрғындары бұл ғимараттың пішінінен америкалық доллардың сұлбасын көре қалыпты. Сөйтіп бұл ғимаратымыз «Доллар» атанып кетті. Астанадағы осы көз тартарлық ғимараттың бас сәулетшісі, сәулет және қала құрылысы департаментінің директоры Владимир Лаптевтің түсіндіруінше, бұл ең басында, Қазақстан Республикасы Туының тасқа айналған бейнесі ретінде ойластырылған екен. Сәулетшілердің пікірінше, көгілдір қасбетке шағылысқан күн сәулесі ғимаратты жайылған матаның суретіне айналдырады, ал көк жүзінде көшкен қазбауыр бұлттардың жөңкілген көлеңкесі осы алып матаны желдей желбіретіп тұрғандай әсерге бөлеуі тиіс. Бәлкім, ғимараттың қасбеті барынша көгілдір болмай, содан да ғимарат-тудың әсері жұртқа жетіңкіремей жатқан шығар. Соған қарамастан, ғимарат пішінінен астаналықтардың бірінші кезекте «долларды» тап басуын өз басым бөтен көрмеймін. «Доллар» болса, «доллар» болсын... ең бастысы сұлу да сүйкімді ғимарат пайда болды», - деп жазған еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
1999 жылы пайдалануға берілген ғимараттың жалпы аумағы 32 400 шаршы метрді құрайды.