Астанадағы дауылдың неліктен алдын ала болжанбағаны белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Синоптиктер кеше Астанада болған құйынды дауылға неліктен алдын ала болжам жасалмағанына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазгидрометтің 21 мамырдағы ауа райы болжамына сәйкес (мүмкіндік 90%), Ақмола облысында, соның ішінде Астана қаласында күндіз жаңбыр, кей жерлерде бұршақ, найзағай болады, жел солтүстік-батыстан 9-14м/с, кей жерлерде 15-20 м/с жылдамдықпен соғып, түнде ауа температурасы 10-15, күндіз 16-24 градус болады деп болжанған.

22 мамыр күні Астана қаласында желдің жылдамдығы секундына 21 метрге жетті, Ақмола облысында 4-13 м/с, кей жерлерде 15-22 м/с болды.

«Астана» метеостансасында жергілікті уақыт бойынша 13:15-тен 13:20-ға дейін бақыланған дауылды жел, бұршақ және нөсер жергілікті сипатта болды. Желдің жылы және суық ауа массаларының бір-бірімен соқтығу себебінен күшейіп, ауа температурасын 30 минут ішінде 25-тен 16 градусқа дейін күрт төмендетті.

Жергілікті құбылыстар қысқа мерзімде және күтпеген жерде аумақтың шектеулі көлемінде күрт пайда болады. Қазгидрометтің қазіргі техникалық жабдықталуы оларды болжауда қиындық туындатты.

2018-2022 жылдары Қазгидрометті жаңғырту аясында заманауи  метеорологиялық радарлар сатып алып, орнату көзделген. Олар осыған ұқсас жергілікті құбылыстардың пайда болуын 3-6 сағат бұрын болжауға және хабардар етуге мүмкін береді. Қазаэронавигациямен бірлесе отырып, Қазақстанның барлық аумағын 25 радардан тұратын радар желісімен қамту көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар