Астанадағы дауыл: Зардап шеккен қандай нысандарға өтемақы төленеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Төтенше жағдайлар депаратменті кешегі дауылдан зардап шеккен нысандар үшін өтемақы төлеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департаменттің хабарлауынша, дауыл табиғи сипаттағы төтенше жағдай болып тіркелген.

«Табиғи сипаттағы ТЖ салдарын жою бойынша және олардан келген зардап пен шығынды өтеу мәселелері ҚР Үкіметі бекіткен ережелерге сәйкес жүргізіледі. Аталған қағидаларға сәйкес, шығынды өтеу сұрақтары құрылыс объектілері мен жылжымайтын мүлік бойынша жүреді. Уақытша құрылыстар, жылжымайтын мүлікке жатпайтын нысандар өтеуге жатпайды», - деп түсіндірді қалалық ТЖД Төтенше жағдайларды ескерту бөлімінің басшысы Еркін Отарғалымұлы Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, бөлім басшысы дауылдан зардап шеккен автокөлік шығындары туралы журналистер сұрағына жауап берді.

«Егер  зардап шеккен нысан сақтандырылған болса, бұл ретте шығын сақтандыру компаниясының қаражаты есебінен өтеледі. Сақтандырылмаған болса, сақтандыруға кеңес қана бере аламыз. Қағидада көрсетілген тәртіптерге сәйкес, қандай да бір қарама-қайшылықтар туындаса, нысан иелері  сот орындарына жүгіне алады. Шығынды бағалау және өтеу жұмыстары жергілікті атқару органдарына жүктелген», - деп түсіндірді ол.

Сәйкесінше, дауыл салдарынан  зақымдалған тұрғын үй кешендерінің шығыны қалалық бюджет есебінен өтеледі.

«Тексеру жұмыстарын жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар зақым келген тұрғын үй кешендерін тексеріп жатыр. Ондағы залалдар нысандық ТЖ деп танылса, қалпына келтіру жұмыстары бюджет есебінен жүргізіледі», - деді ТЖД қалалық орта сапасы және бақылау бөлімінің басшысы Оксана Ибраева.

Сондай-ақ, Оксана Ибраева тұрғын үйлер қасбетінің зақымдану себептерін атады.

«Қалада  2943 көпқабатты үй бар және ережеге сәйкес, пәтер иелерінің кооперативі көтем мен күзде нысанды тексеруі тиіс. Әдетте түсіп қалған 1-2 плитаға мән бермейді, жаңбыр мен қар суы үйдің қабырғасына сіңеді. Ылғалдан жылытқыш қабат ұлғайып кетеді. Содан өте плиталар түсе бастайды. Кешегі дауыл мен бұршақ араласқан жаңбыр жығылғанға жұдырық болды. Әрбір үйдің тұрғындары өз баспаналарына күтім жасасын, тексеру жүргізуді талап етсін», - деп кеңес берді ол.

Төтенше жағдайлар департаменті желді ауа райының жалғасатынын мәлімдеді және елорда тұрғындарына сақ болуды ескертті.

"22 мамырға жел жылдамдығы 15 м/с деп болжанған еді, бірақ кешегі дауыл жылдамдығы 21 метр/секундтан асып кетті. Бүгін 20-25 м/с деп болжанса, 24-25 мамыр күндері желдің күші 10 метрге дейін жетуі мүмкін. Сондықтан, қала тұрғындары мен қонақтарына көшедегі бағандардан, ағаштар мен жарнама баннерінен алшақ жүруге, көлікті ағаш маңына қоймауға, төтенше жағдай туындағанда "112" нөміріне хабарласуға кеңес береміз", - деді ол.

Еске сала кетсек, Астанада кеше қатты дауыл соғып, бұршақ аралас жаңбыр жауды. Осының салдарынан құрылыс алаңдарындағы екі кран құлап, Бейбітшілік және Келісім сарайы ғимаратының әйнектері сынды, Арнасай көшесіндегі 127-тұрғын үйдің, № 24 орта мектептің, Үркер шағынауданындағы №91 балабақша шатыры ұшып кетті. «Думан» қонақ үйінің холындағы витражды терезелер шағылды. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың сыртқы қаптамалары, соның ішінде кірпіштер көкке ұшты. Жол жиегіндегі бетонды діңгектер құлады. Салдарынан қаланың әр ауданындағы тұрақтарда көптеген автокөлікке зақым келді.

Бұған дейін Астанадағы дауыл салдарынан кейінгі жөндеу жұмыстары үшін қалалық бюджеттен 235 млн теңге бөлу қажеттігі хабарланған еді. 

Соңғы жаңалықтар