Астанадағы дауыл салдарын жоюға қанша қаражат бөлінеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы дауыл салдарынан кейінгі жөндеу жұмыстары үшін қалалық бюджеттен 235 млн теңге бөлу қажет. Бұл туралы қалалық ТЖ департаментінің бөлім бастығы Еркін Отарғалым Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"2018 жылдың 22 мамырындағы Астананың қолайсыз ауа райы табиғи сипаттағы төтенше жағдай болып тіркелді. Оның салдарынан 10 адам медициналық көмекке жүгінді, 1 адам ауруханаға жатқызылды. Оның өміріне еш қауіп жоқ. Жалпы аумағы 5907 шаршы метрді құрайтын көппәтерлі 24 тұрғын үй кешендерінің қасбеттері зақымдалып, ұзындығы 9290 метр болатын қоршау құлады", - деп атап өтті Еркін Отарғалым. 

Сондай-ақ, 5316 метр шаршы метрді құрайтын 23 әлеуметтік нысанның шатырлары мен қасбеттері зақымдалған.

"Зақым келген әлеуметтік нысандар арасында 2 мәдениет нысаны, 1 денсаулық сақтау нысаны, 13 балабақша және 7 мектеп бар. Арнайы құрылған жедел штаб бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарын жою, жөндеу жұмыстары үшін қалалық бюджеттен 235 млн теңге бөлу қажет", - деді Еркін Отарғалым.

Төтенше жағдайлар департаменті желді ауа райының жалғасатынын мәлімдеді және елорда тұрғындарына сақ болуды ескертті.

"22 мамырға жел жылдамдығы 15 м/с деп болжанған еді, бірақ кешегі дауыл жылдамдығы 21 метр/секундтан асып кетті. Бүгін 20-25 м/с деп болжанса, 24-25 мамыр күндері желдің күші 10 метрге дейін жетуі мүмкін. Сондықтан, қала тұрғындары мен қонақтарына көшедегі бағандардан, ағаштар мен жарнама баннерінен алшақ жүруге, көлікті ағаш маңына қоймауға, төтенше жағдай туындағанда "112" нөміріне хабарласуға кеңес береміз", - деді ол.

Еске сала кетсек, Астанада кеше қатты дауыл соғып, бұршақ аралас жаңбыр жауды. Осының салдарынан құрылыс алаңдарындағы екі кран құлап, Бейбітшілік және Келісім сарайы ғимаратының әйнектері сынды, Арнасай көшесіндегі 127-тұрғын үйдің, № 24 орта мектептің, Үркер шағынауданындағы №91 балабақша шатыры ұшып кетті. «Думан» қонақ үйінің холындағы витражды терезелер шағылды. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың сыртқы қаптамалары, соның ішінде кірпіштер көкке ұшты. Жол жиегіндегі бетонды діңгектер құлады. Салдарынан қаланың әр ауданындағы тұрақтарда көптеген автокөлікке зақым келді.  

Соңғы жаңалықтар