Астанадағы дауыл: Air Astana ұшағымен болған жағдайды зерделейтін комиссия құрылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек елорда әуежайында «Шымкент-Астана» әуе рейсіне қатысты болған оқиғаға түсінік берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

«Түс мезгілінде Air Astana әуе компаниясының «Шымкент-Астана» әуе рейсіндегі ұшағын қондыру барысында қиын жағдай болды. Әуе кемесі ұшып-қону аумағынан шығып кетті. Бұл жағдай ұшақ жерге қонған соң болды. Метеожағдай ол уақытта күрделі еді, күшті жел соғып тұрды»,-деді Жеңіс Қасымбек Астанада өткен халықпен есептік кездесуде. 

Министр сонымен қатар, осы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін министрлік тарапынан арнайы комиссия құрылғандығын атап өтті.

«Мен қазір жұмыс нәтижесі туралы айта алмаймын. Қорытынды шығару үшін біршама уақыт қажет. Біз техникалық қиындықтар, метеожағдай, адам факторы сияқты барлық мәліметтерді қарастырып, жатырмыз. Сонымен қатар «Қазаэронавигация» мекемесінің жұмысы мен әуежай қызметін да қарастырудамыз. Нақты шешім комиссия жұмысы қорытындылаған соң белгілі болады»,-деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.

Айта кетейік, Астана әуежайында 22 мамыр күні Air Astana әуе компаниясының КС352 рейсіндегі Airbus-320 ұшағы жерге қонған соң жүріп келе жатып, ұшып-қону алаңынан шығып кетті.

Соңғы жаңалықтар