Астанадағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» 7 мыңнан астам қарияға қызмет көрсетеді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ директоры Мұхтар Еркетаев орталықтың жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ашылғанына 4 жылдан астам уақыт өтті. Осы аралығында біздің орталықтан 35 мың зейнеткер өтті. Біз бұл орталықты бірнеше адам бірігіп ашқан едік, ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет қаржыландырып келеді. Зейнеткерлерге қызмет көрсету үшін біз қаланың 4 ауданында орталық филиалдарын аштық. Онда күн сайын 9 мың адам қызмет алады. Биылғы шілде айында Астананың бесінші ауданында тағы бір филиал ашылады. Біздің зейнеткерлер орталықта және оның филиалдарында 27 қызмет түрін ала алады», - деді М. Еркетаев Астана коммуникациялар орталығында өткен брифингте.

Спикердің айтуынша, 2019 жылы жүргізілген социологиялық зерттеу Астанада халқының 18%-ы жалғызбасты адамдар екенін көрсеткен. Елордалық зейнеткерлердің шамамен 20%-ы күтімді қажет етеді. Бұл адамдарды әлеуметтендіру, басқалармен байланыс орнатып, тезіреу сауығуы үшін осындай орталық ашылған.

М. Еркетаев жыл басынан бері 7 мыңнан астам қарт адам келетінін, олардың көпшілігі емханаларға бармайтынын, орталықта сауықтыру, әлеуметтік және экономикалық қызметтер алатынын атап өтті. Көбісі қаржылық сауаттылықты үйреніп жатыр.

Мекеме ашылғанға дейін медициналық университетпен және қалалық емханалармен меморандумдар жасалған. Қазіргі уақытта 9 емхана орталықпен тығыз жұмыс істейді. Егде жастағы адамдар Альцгеймер, Паркинсон, қант диабеті, гипертония, тірек-қимыл аппаратының ауруларымен жиі ауырады. Сондықтан орталықтың медициналық ұйымдардан айырмашылығы – ең алдымен осы аурулардың алдын алуға назар аударады. Зейнеткерлермен әлеуметтік қызметкер, психолог және жалпы тәжірибелік дәрігер жұмыс істейді. Олар оңалту гимнастикасымен, қарттарға арналған фитнеспен, йогамен, айкунемен, скандинавиялық серуендеумен, «цигун» тыныс алу гимнастикасымен, бимен, үстел теннисімен айналысады. Бұл сабақтар орталыққа балдақпен келген зейнеткерлерге де көмектеседі және олар сауығып кетеді.

Сондай-ақ, М.Еркетаевтың айтуынша, орталықта мәдени-бұқаралық іс-шаралар, концерттер, театрларға бару, елорданың тарихи орындарына экскурсиялар өткізіледі. Оған қоса, қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейді және зейнеткерлер өз жұмыстарын жетім балаларға сыйға тартады.


Соңғы жаңалықтар