Астанадағы батут оқиғасы: Зардап шеккен балаларға оңалту сертификаты берілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада батуттан құлаған балалардың ата-анасы дәрігерлерге алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Олар медицина саласындағы бірінші Altyn shipager сыйлығын табыстау рәсімінде сахнаға шықты.

«Сіздердің алтын қолдарыңыздың арқасында барлық бес бала аман қалды. Сіздерге ана ретінде өз атымнан және отбасымның атынан үлкен алғыс айтамын. Менің екі балама дер кезінде медициналық көмек көрсетілді, сіздердің көмектеріңізбен балаларым екінші рет өмірге келгендей болды», - деді ата-аналардың бірі.

Қала әкімі Әсет Исекешев те батутта болған келеңсіз оқиғаны еске алды. Оқиға болған күні белгілі нейрохирург Серік Ақшолақов бастаған білікті мамандар бар жұмысын тастап, балаларға келген. Әкімдік атынан зардап шеккен балаларға тегін оңалту курсына сертификаттар табысталды.

Еске сала кетсек, 4 мамырда елордада «Жаннұр» сауда үйі аумағындағы батутты қатты жел ұшырып, 5 бала зардап шеккен болатын. Батут күрделі конструкциялы болған, жалпы ауданы 200-250 шаршы метр.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті ата-аналарды өз балаларының тағдырына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Себебі ата-аналар ауа райының қолайсыздығын көре тұра оларды батутқа ойнауға жіберген.

Одан кейін белгілі болғандай «Жаннұрдағы» жағдайдан соң еліміздегі барлық аттракциондар тексерілді.

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев зардап шеккен балалардың хал-жағдайын білу мақсатында қалалық №2 балалар ауруханасына барып, кінәлілердің жазаға тартылатындығын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар