Астанадағы алып мешіт маңы кейін мәуелі баққа айналмақ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы жаңа мешіттің алдында қоғамдық кеңістік ашылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаңа мешіттің кіреберіс аллеясының алдында қоғамдық кеңістік ашылады. Қазір бұл жерде аббаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Бұл қоғамдық кеңістік қала тұрғындары мен қонақтары үшін уақытты тиімді өткізуге болатын тартымды орындардың біріне айналады», - дейді әкім.

Аталған кеңістік Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр даңғылдары және Сауран, Хусейн Бен Талал көшелерінің бойында орналасқан.

«Орталық аллеяда ұзындығы 300 метр болатын субұрқақ орналасқан, көлеңкелі шатырлар, шағын сәулет нысандары орнатылады әрі маңайы ауқымды түрде көгалдандырылады. Жаяу серуендеу, демалысты тыныш орында өткізу жағдайы, көлік тұрақтары және басқалары қарастырылған. Жыл сайын аумақты қосымша көгалдандырып, қоғамдық кеңістікті жақсартатын боламыз. Ол кезең-кезеңімен абаттандырылған үлкен саябаққа айналады», - дейді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ, шаһар басшысы мешіт туралы да ақпарат берді. Айтуынша, бұл еліміздегі және Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болып есептеледі. Негізгі күмбезінің биіктігі – 90 метр, мұнаралары – 130 метр. Мешіттің сыйымдылығы 30 мың адамға арналған. Мешіттің құрылысы демеушілік қаражат есебінен жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар