Астанадағы №3 жылу-электр орталығының құны 36 млрд теңгеге қымбаттаған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ресей рублінің құбылуы Астанадағы №3 жылу-электр орталығының құнын 36 млрд теңгеге қымбаттатқан. Елорданың Жылу-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақов мәслихат депутаттарының сұрағына берген жауабында осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«№3 жылу-электр орталығының құны 36 млрд теңгеге қымбаттағанын айтып отырсыз. 36 млрд теңге деген 1200 орындық 10 мектеп салуға жететін ақша. 10 жылдан бері салып жатқанымыз аз болғандай тағы 36 млрд теңге жұмсамақшымыз. Неге бұлай болып жатыр?», - деп сұрады мәслихат депутаты Талғат Ерғалиев.

Басқарма басшысының айтуынша, құрылыстың қымбаттауына теңге бағамының құбылмалылығы себепкер болған.

«Ресей рублінің қалай құбылғанын білесіздер. Оның әсері бізге де тиіп жатыр. Валюта бағамының кесірінен жоба 43 пайызға қымбаттады. Әуелде, ұмытпасам, тіпті 52 млрд теңгеге дейін қымбаттаған. Кейін оны 36 млрд теңгеге дейін түсірдік. Енді тағы түзету әзірлеп жатырмыз. 36 млрд теңгеден де азаятын шығар. Бұл баға жобаға салынған қондырғының қазіргі нақты бағасынан туындап отыр. Біз оны өндіретін зауытқа бағасын түсірте алмаймыз», - деді Марсель Ұзақов.


Соңғы жаңалықтар