Астанадағы №2 көпсалалы аурухана бухгалтері 32 млн теңгені жымқырғаны үшін сотталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты №2 қалалық қалалық көпсалалы ауруханананың бухгалтер-кассиріне 32 млн теңге жымқырғаны үшін шартты жаза тағайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық соттың ресми сайтындағы мәліметте үкімге негіз болған қылмыстық әрекетті «сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және рәсуа ету» (Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігінің, 2 тармағы) деп сипаттайды. Сондай-ақ, мұндай қылмыстың «жемқорлық» санатына жатпайтыны айтылған.

Сотталушыға 01.01. 2021 ж. – 29.11.2022 ж. аралығында қызмет бабын пайдаланып, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және рәсуа ету арқылы кәсіпорынның 32 млн теңгесін жымқырды деген айып тағылған.

Судья зардап шеккен тарап өкілі мен аудиторлық есептің, кіріс-кассалық ордердің келтірген мәліметтері күдіктінің кінәсін дәлелдейді деген шешім қабылдады.

Дегенмен, бухгалтердің өз кінәсін мойындағанын, жасаған әрекетіне өкінетінін, келген шығынды толық көлемде және еркімен қайтарғанын, жасы 27-де ғана болуын, қылмыстық жауапқа алғаш рет тартылып отырғанын ескеріп, жазасын жеңілдетті.

«Сот үкімімен А. Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл бас бостандығынан айырылды. Материалдық жауапкершілік жүктейтін қызметпен айналысу құқығына 10 жыл шектеу қойылады.

Қылмыстық кодекстің 63-бабы бойынша жаза шартты түрде тағайындалды. Сотталушы үкім мерзімінің өн бойында пробациялық қадағалауда болады. Үкім әлі күшіне енген жоқ», - делінген қалалық соттың ресми сайтында.


Соңғы жаңалықтар