Астанада жыл соңына дейін 7 өндірістік кәсіпорын ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың соңына дейін Астанада 8,7 млрд теңге сомасына жеті жаңа өндірістік кәсіпорын ашылады деп жоспарланған. Бұл туралы қалалық қоғамдық тыңдаулар барысында елорданың 2019-2021 жылдарға арналған бюджетін қарастыру кезінде елорданың Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Расул Оразғұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.

​«№1 Индустриалдық парктің аумағы 95% инвестициялық жобалармен толтырылған. Қалған 22 гектар жер 2020 жылдың соңына дейін игеріледі. №2 Индустриалдық паркте өндірістік кәсіпорындарды орналастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деп мәлім етті Расул Оразғұлов.

Ол сондай-ақ №2 Индустриалдық парктің аумағында 500 млрд теңге сомасына 150 инвестициялық жоба іске асырылатынын атап өтті.

«Барлық 7 кәсіпорын ​№1 Индустриалдық парк аумағындағы Арнайы экономикалық аймақта орналасқан. Шамамен 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатыны көзделген», - деді қоғамдық тыңдаулар барысында Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмұрзаев.

Оның айтуынша, жаңадан ашылатын өнеркәсіп ошақтарының барлығы инновациялық болады.

«Бір кәсіпорынды Мемлекет басшысының қатысуымен желтоқсан айында өтетін Индустриаландыру күнінде таныстыруды жоспарлап отырмыз. Ол цифрландыруды дамыту шеңберінде жұмыс істейтін модем, модуль шығарумен айналысатын «Digital system servis» кәсіпорыны. Ол - шетелдік инвестордың қатысуымен ашылатын қазақстандық кәсіпорын», - деді Ерлан Бекмұрзаев.

Соңғы жаңалықтар