Астанада жыл соңына дейін 1,5 мың үлескер пәтер кілтін алады - құрылыс компаниясы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қалалық мәслихаты тұрақты комиссиясының отырысында «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС бас директоры Руслан Кадесов жыл аяғына дейін 1,5 мың үлескер көптен күткен пәтер кілтін алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үлескерлердің бүкіл мәселесін 2023 жылға дейін шешуіміз керек болған. Жыл аяқталып келеді. Қандай да бір обьективті және субьективті себептерге байланысты бірқатар нысанның құрылысын аяқтау жұмыстары созылып кетті. Оның үстіне қала бойынша жылумен қамту мәселесі бар. 2019 жылы 14 500 үлескер болған. Үш жылдың ішінде 11 мың үлескердің мәселесін шешіп, 3500 үлескер қалды. Олардың үлесіндегі неше көпқабатты тұрғын үй кешенін аяқтау керек сонда?», - деп сұрады қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.

«Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС бас директоры Руслан Кадесовтің сөзіне қарағанда, аталған 3500 үлескердің 2 мыңы пәтер кілтін 2023 жылы алуы керек.

«Аяқталмаған 18 тұрғын үй кешені қалып отыр. Оларды 2022-23 жылдары толық бітіруіміз керек. Желтоқсан айында 1,5 мың үлескер пәтерінің кілтін алады. Сонда 2023 жылға 2000 шамасында үлескер қалады. Олар бірінші тоқсаннан бастап пәтер кілттерін ала бастайды», - деді компания басшысы.


Соңғы жаңалықтар