Астанада жыл сайын жүздеген ана мен сәби өлімнен құтқарылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы босанатын әйелдер мен нәрестелерге шұғыл көмек қажет болған жағдайда барлық құрылымдар өзара нақты регламенттер бойынша жұмыс істейтінін айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәлім етілгендей, Денсаулық сақтау басқармасында басшының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары лауазымы бар.

Бұдан бөлек, бұл мәселемен ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы және мамандары, басқарманың штаттан тыс мамандары, акушер-гинекологиялық қызмет жөніндегі мамандар да айналысады.

Ана және нәрестелер өлімі жөніндегі штаб жұмыс істейді. Ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелері қаралатын және жүйелі шешімдер қабылданатын отырыстар тұрақты негізде өткізіліп тұрады.

«Ауыр жағдайлар туындаған кезде консилиумдар шақырылып, Ұлттық ана мен бала орталығынан, Ұлттық кардиохирургия орталығынан, «Астана» Медицина университеті кафедраларынан профессорлар мен сарапшылар шақырылады (...) Мамандардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында жыл сайын жүздеген келіншек пен сәбидің өмірін сақтап қалу мүмкін болып отыр», - деп жауап берді баспасөз қызметінің өкідері ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.

Еске сала кетейік, соңғы екі айда елордада  жаңа босанған төрт әйел көз жұмған болатын. 21 маусым күні Астанадағы №1 перинаталдық орталықта 34 жастағы әйел, 25 маусымда 31 жастағы әйел қайтыс болды. «Бірінші жағдайда келіншек баланы өзі босанды, ал екінші жағдайда кесарь тілігі жасалды. Екеуі де осыған дейін босанған әйелдер. Сонымен қатар олардың жүктілікке байланысты емес аурулары болған», - деген болатын Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Сәуле Мұқышева.

3 шілде күні тағы бір келіншек көз жұмды. №1 перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Ербол Әубәкіров келіншек өлімінің акушерлік қиындықтармен байланысты болғанын айтты. Келіншектің 19 жасынан бастап зиянды әдеттері болған.

Төртінші жағдай 16 шілдеде №2 перинаталдық орталықта тіркелді.

 

Соңғы жаңалықтар