Астанада жыл басынан бері 64 адам АИТВ жұқтырған

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында жыл басынан бері 64 адам АИТВ жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы елордада індет алғаш тіркелген 1997 жылдан бастап АИТВ-ға 1489 адам шалдыққан, оның 42-сі көз жұмды.  

Бүгін Астанадағы Менеджмент және бизнес колледжінде ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары, қаладағы бірнеше колледждердің студенттері мен оқу орнының қызметкерлерінің қатысуымен «Ұмытпаймыз, білеміз, жеңеміз!» акциясы өтті. Бұл акция жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде аталып өтілетін Бүкіләлемдік ЖИТС құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған.

ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Мусинаның айтуынша, адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) бүгінгі күні тек қана медицина қызметкерлерін ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатып отырған мәселе.

«Қазіргі жастардың осы ауруды жұқтыруы қоғамға қауіп төндіруде. Себебі, жастарымыз аталмыш аурудың жұғу жолдарына мән бермейді. Қазіргі таңда індетке шалдыққандардың 70 пайызы оны жыныстық жолмен жұқтырған. Аурудың алдын алу мақсатында осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырудамыз», - деп атап өтті Салтанат Мусина.

Аталмыш дерт өткен ғасырларда өлімге әкелетін сырқат болып саналатын еді, қазіргі таңда АИТВ жұқпасы созылмалы ауру ретінде қаралады. Яғни уақытылы ем-домын қабылдап, салауатты өмір салтын ұстанған жағдайда биологиялық қарттық жасына дейін өмір сүруге мүмкіндік бар.

Шараға сондай-ақ вирусты жұқтырған Андрей есімді науқас қатысты. Ол жастарды сақтыққа шақырды.

«Ауру айтып келмейді. Дегенмен, жастар дауасы жоқ СПИД-тен сақ болыңыздар. Бастысы - жұғу жолдарынан хабардар болыңыздар. Мен өткен өміріме өкінемін. Осы дерттің салдарынан қаншама жандар көз жұмды. Ал мен сіздердің алдарыңызда тұрмын. Өткеніңнен сабақ алсаң, болашағыңды жоспарлауға болады», -  деді ол.

Акцияның соңында концерттік бағдарлама, викториналық сұрақ-жауап  болды. Қатысушылар арасында түрлі ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Жастарға аурудан сақтану жолдары туралы жазылған ақпаратттық парақшалар таратылды.

Айта кетейік, айлық қарсаңында кез келген азамат нәтижесі 15 минутта белгілі болатын қандағы АИТВ-инфекциясын анықтау бойынша экспресс-тесттен өте алады. 
null

Соңғы жаңалықтар