Астанада жыл басынан бері 430 көлік жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзған
2022 жылғы 2 шілде 20:29

Астанада жыл басынан бері 430 көлік жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бұзған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астана жолдарында қозғалыс ережелерін бұзған 430 көлік жүргізуші рөлге алкогольдік ішімдік ішіп отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Елордада жыл басынан бері 40 мыңға жуық ЖҚЕ бұзушылық анықталды, оның ішінде 430 жүргізуші мас күйінде болған. Коммуналдық тұраққа 1 332 автокөлік орналастырылды. Мас күйінде басқару құқығынан айырылған көлік құралын жүргізгені үшін ҚР ҚК 346-бабы бойынша 44 жүргізуші жауапкершілікке тартылды», - делінген департамент таратқан баспасөз мәлімдемесінде.

Белгілі болғанындай, жол қозғалысы ережелерін бұзғандар арасында көлік жүргізу құқығынан айырылғандар да бар.

«30 маусым күні сағат 4:20-да Нұр-Сұлтан қаласы ПД мамандандырылған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қонаев көшесі мен Мәңгілік Ел даңғылының қиылысында «Nissan Almera» маркалы автокөлігін тоқтатты. 23 жастағы жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде алкогольдің иісі шыққан. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаңдық анықталды. Жүргізушінің осы жылғы мамырда автокөлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Тәртіп бұзушыға қатысты ҚР ҚК 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп мәлімдейді департаменттен.

Тәртіп бұзушы Нұр-Сұлтан қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалып, автокөлік коммуналдық тұраққа қойылған.


Ұқсас жаңалықтар
Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері «Абай күнін» атап өтті
2022 жылғы 10 тамыз 13:24

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері «Абай күнін» атап өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз еліміздің мерекелік күнтізбесіне «Абай күні» болып бекітілді.

Мерейлі мереке аясында Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ұлы Абайдың 177 жылдығына арналған бірқатар іс-шараларды ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осыған орай, департаментте Абайдың асыл мұрасын насихаттайтын «Тұлғаға тағзым» атты кітап көрме қойылды.

Көрме барысында жас қызметкерлер ғұлама ақынның, абайтанушылардың, зерттеушілірдің еңбектерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Сондай-ақ, департаменттің ведомствалық музей басшысы, тарих ғылымдарының магистрі Шынар Нұржанқызы Уайсова жеке құрам арасында Абай Құнанбайұлының өмірін насихаттау, ақынның шығармашылығы арқылы мақтаныш сезімін, патриоттық рухты тәрбиелеу бойынша дәріс өткізді.

Дәрістің мақсаты – Ұлы Абай мұрасының қазақ руханиятында алар орны, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы мен оның құндылығы, ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлі жөнінде кеңінен ақпарат беру, сол арқылы тәртіп сақшыларының патриоттық, ерлік, жігерлік сезімдерін нығайту болып табылады.

Іс-шара барысында полицейлер ғұлама ақынның шығармашылық мұрасымен, абайтанушылардың зерттеулерімен тереңірек танысып, күнделікті қарбалас жұмыстарынан бір уақыт алшақтап, пайдалы мағлұмат алды.


Полиция Ұзынағаш ауылындағы кісі өліміне қатысы болуы мүмкін күдіктілерге іздеу жариялады
2022 жылғы 10 тамыз 13:12

Полиция Ұзынағаш ауылындағы кісі өліміне қатысы болуы мүмкін күдіктілерге іздеу жариялады

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында адам өліміне қатысы бар күдіктілерге полиция іздеу жариялады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер ұсталған сәтте сот санкциясымен бірден қамауға алынады. Қазір құзырлы орган төрт адамға іздеу жариялады.

1. Қозыбаев Ғани Мұратұлы 1991 жылы 3 қарашада туған. Оған 99 баптың (Адам өлтіу) 2 бөлігі 1,7,9 тармағы және 293 баптың 2 бөлігі 3 тармағында (Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау) көрсетілген қылмысты жасады деген күдік келтіріліп отыр.

2. Тыныштықов Асқар Жаныбекұлы 1992 жылы 5 қыркүйекте дүниеге келген. Оған «Адам өлтіруге» оқталу бабы және 293 баптың 2 бөлігі 3 тармағында (Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау) көрсетілген қылмысты жасады деген күдік келтірілді.

3. Шокенов Серікбола Мұратбеков 1992 жылы 1 қаңтарда туған. Ол 293 баптың 2 бөлігі 3 тармағында (Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау) көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке алынып отыр.

4. Аукенов Нұрсұлтан Бақтиярұлы 1992 жылы 25 қарашада дүниеге келген. Ол 293 баптың 2 бөлігі 3 тармағында (Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау) көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке алынып отыр.

Полиция күдіктілер жайлы ақпарат білетіндер төмендегі номерге хабарласуды сұрайды.

+7 701 500 08 47, +7 700 200 07 88, +7 702 717 77 17, +7 707 738 78 78, +7 72770 2 26 02 немесе 102.


Қылмыстық топ Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарында есірткі сатып келген
2022 жылғы 10 тамыз 04:09

Қылмыстық топ Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарында есірткі сатып келген

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарында есірткі саудасымен айналысқан 6 адам сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың жазында полицейлер Шығыс Қазақстан мен Алматы облысындағы ірі есірткі арнасының жолын кесу бойынша кең ауқымды арнайы операция жүргізді.

Бір ай ішінде қылмыстық топтың барлық алты мүшесі ұсталды. Қазіргі уақытта сот үкімімен олар 10 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылды.

«Қылмыскерлер әрдайым жалдамалы пәтерлерді ауыстырып отырған. Есірткі саудасымен айналысқан топтың әр мүшесінде өзіне жүктелген міндеті болды. Мәселен, біреу жеткізу үшін жауап берсе, енді бірі есірткінің дозасын өлшеп, кейіннен қала бойынша арнайы орындарға жасырып кетіп жүрді. Тінту барысында сатуға дайын шамамен 10 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл шамамен 100 000 бірреттік дозаға тең», - делінген ақпаратта.

Енді олардың барлығы қауіпсіздігі орташа және жоғары түзету мекемелерінде өз жазаларын өтейтін болады.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT