Астанада жүрген америкалық АҚШ Конгресі сайлауына қалай дауыс берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америка азаматшасы Эллен Пинчук АҚШ Конгресі сайлауы жүріп жатқан кезде «Жұмбақтас» қонақүйі қызметкерлерінің арқасында азаматтық борышын өтеп, дауыс берген. Бұл туралы ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Эллен Пинчук ресейлік компанияда жұмыс істейді. Ол өз елінде болмаған кезде дауыс беру процесінің қалай жүретінін айтып берді.

«Мен америкалық сайлауға қашықтан дауыс беремін. Маған бюллетенді поштамен жібереді. Бұрын Калифорния штатында тұрғандықтан, дауыс бергеннен кейін бюллетенді факспен жіберуім керек. Биыл белгілі бір себептермен бюллетенді уақытылы ала алмадым. Мен кезекті іс-сапардан келгеннен кейін тиісті органдарға бюллетенім жоқтығын айтып, осы мәселені шешуді сұрадым. Олар маған бюллетені бар сілтемені жіберді. Бірақ, бұл сілтеме Ресейде ашылған жоқ, яғни оны біреу бұғаттады», - деді ол.

Эллен Пинчук биыл сайлауда дауыс бере алмағанына өкінген. Бірақ ол Қазақстанға кезекті іс-сапарына барған еді. Астанаға келген кезде бюллетені бар сілтеме ашылып, енді оны шығарып, Калифорнияға факспен жіберу қажет болған.

«Басып шығарып, дауыс беріп, бюллетенді факспен Америкаға, Лос-Анжелес уақыты бойынша 20:00 немесе Астана уақытымен таңғы сағат 10:00-ге дейін жіберу керек болды. Мен үнемі тоқтайтын «Жұмбақтас» қонақүйінде бюллетенді шығарып берді, алайда қонақүйде халықаралық факс жіберу мүмкіндігі болмады. Соған қарамастан мұндағы қызметкерлер басқа бірқатар қонақүйлерге хабарласып, халықаралық факсты қайдан жіберуге болатынын анықтап берді», - деп жалғастырды Э.Пинчук.

Оның айтуынша, Rixos қонақүйінде халықаралық факс жіберетін бизнес-орталық бар болып шықты. Бірақ, жөндеу жұмыстарына байланысты факсты жіберу мүмкін болмаған.

«Rixos қонақүйінің қызметкерлері мені The Ritz-Carlton отеліне жіберді. Бірақ, онда да ресепшнде маған факс қабылдай алатынын, бірақ жіберу мүмкін еместігін айтты. Қонақүй қызметкерлерінің бірі мені аяп кеткен болуы керек, бюллетенімді сұрап алып, халықаралық факс іздеуге кетті. 30 минуттан кейін бюллетеннің брондау бөлімі арқылы факспен жіберілгенін хабарлады», - деді ол.

Осылайша, бүкіл Астана Америка азаматшасының борышын орындап, дауыс беруіне көмектескендей әсер қалдырған.

«Қазақстандағы адамдардың бауырмал екеніне тағы да көзім жетті. Олар үнемі көмек беруге дайын және адамгершілік тұрғыдан түсінігі мол», - деп түйіндеді Э.Пинчук.

Еске салайық, кеше, 6 қарашада Америкада АҚШ Конгресі қос палатасының аралық сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша америкалықтардың басым көпшілігі демократтарға дауыс беріп, Палата өкілдерінің толық құрамын қайта сайлады. Сенатта республикалықтар өз позицияларын сақтап қалды. 

Соңғы жаңалықтар