Астанада жүкті келіншегін соққыға жыққан ер адам 15 тәулікке қамалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада алкогольдік ішімдікке тойып алып, төбелес шығарған ер адам 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.

«36 жастағы ер адам әйелінің жұмыстан уақытылы шықпағаны үшін жанжал шығарды. Зайыбы жұмыстан 15 минут кешігіп шыққан. Үйге бара жатқан кезде күйеуі оны қорқытып, балағаттаған. Алайда жанжал осымен аяқталмай, үйге жеткенде, ер адам келіншегін бір соғып, үйден кетіп қалған. Таңғы 05.00-де үйге оралып, әйелінің аяғы ауыр екеніне қарамастан оны соққыға жыққан. Арашалауға тырысқан енесі де таяқ жеді. Егде жастағы әйел полицияның учаскелік инспекторынан көмек сұрады», - деп баяндады ПД баспасөз қызметінен.

Учаскелік инспектор оқиға орнына бірден келіп жетті. Ол ішімдікке сылқия тойған ер адамның агрессиялық әрекетін тоқтатты.

Жанжалқой ер адамға қатысты әкімшілік өндіріс қозғалды. Бұдан басқа, оның тәртібіне бір жылға ерекше талап орнатылған.

Сот шешімімен, ер адам 15 тәулікке қамауға алынды.

35 жастағы әйел Есіл аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Нұрлан Молдабековке уақытылы көрсеткен көмегі үшін алғысын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар