Астанада ЖРВИ-дің таралуы 30% асқан жағдайда мектеп жұмысы тоқтатылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада ЖРВИ жұқтырғандардың 6 пайызы - сәбилер және 5 пайызы - жүкті әйелдер. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астанада 1 қазаннан бастап ЖРВИ-дің таралуы бойынша 42 022 жағдай тіркелді. Одан бөлек, тұмаудың таралуы бар. Соңғы аптада ЖРВИ мен тұмаудың таралуында сәл өсім байқалады. Жас ерекшеліктеріне келсек, сырқаттанушылардың 54% 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер. Оның 6 пайызын 1 жасқа дейінгі сәбилер құрайды. Сонымен қатар жүкті әйелдер арасында ЖРВИ мен тұмаудың таралуы 5% жетті», - деді Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Берік Қайкенов брифингте.

Оның айтуынша, ЖРВИ жұқтырғандардың 5% стационарлық жағдайда емделді. Сондай-ақ ол мектептер жұмысы қандай жағдайда тоқтатылатынын айтты.

«Егер ЖРВИ-ге бір сыныпта оқушылардың 20-30 пайызы шалдықса, сыныпта оқу уақытша тоқтатылады. Ал сынып оқушыларының індетті жұқтыру көрсеткіші 30 пайыздан асып кетсе, ондай жағдайда мектептің жұмысы уақытша тоқтатылады», - деп түсіндірді Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева.


Соңғы жаңалықтар