Астанада жолай өтіп бара жатқан жігіттер Сарыбұлақ өзеніне түсіп кеткен 3 баланы құтқарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада жолай өтіп бара жатқан 3 тұрғын Сарыбұлақ өзеніне түсіп кеткен балаларды құтқарып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Кеше түстен кейін кәмелет жасына толмаған үш бала Сарыбұлақ көшесімен үйіне қайтып келе жатқан. Көше жанында осы аттас өзен бар еді.

8 жасар ұл бала қоршаудан өтіп, өрмелеп жүргенде тепе-теңдікті сақтай алмай өзенге құлайды. Ол белуардан келетін омбы қарға түсіп, одан шыға алмай қалады.

Інісін құтқармақ болған 10 және 12 жасар екі қыз төменге түсіп, оны сүйреп алып шығуға тырысқан. Бірақ өздері де қалың қардың құрсауында қалып қояды.

Балалар жарты сағаттан астам уақыт омбы қардан шыға алмай, сол жерде тұрады. Денесі тоңазып, қорыққан үшеуі бар даусымен айғайлап, көмек сұраған.

Сол жерден өтіп бара жатқан үш жігіт сол дауысты естіп, көмекке ұмтылды. Олар жеткіншектерді бірінен соң бірін қардан суырып шығарады да, көлікке отырғызып, үйіне апарады.

Содан кейін балалар ауруханаға жеткізілді. Көз жасына ие бола алмаған әке үш жігітке алғысын айтты.

«Өзгенің өміріне бейжай қарамайтын жанашыр жандардың арқасында үш бірдей балақай аман қалды. Соны ескеріп, бүгін полиция департаменті астаналық үш тұрғын - Бауыржан Мұқышев, Секен Нариман және Ержан Шекеновке грамота тапсырып, ризашылығын білдірді» делінген хабарламада.



Соңғы жаңалықтар