Астанада жолақы төлемеген 5 мыңдай жолаушыға айыппұл салынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Astana LRT ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов компанияның көліктік бақылау қызметі қауырт жұмыс жүргізіп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда жүйелі және жеке сипатта да шешілмеген мәселелер баршылық. Көліктік бақылау қызметі туралы айтар болсақ, бұрын біздің ол департаментімізде бар-жоғы 16 қызметкер ғана еңбек ететін. Бүгінгі таңда ол департаменттегі қызметкердің саны 70-ке жетті. Олардың санын әлі де 100-ге дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Біз тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, жүргізушілер құрамы тарапынан құқықбұзушылықтарды анықтаудамыз», - дейді Бейбіт Есжанов компанияда өткен дөңгелек үстел барысында.

Оның айтуынша, 1 қазаннан бастап компания айыппұл жүйесіне көшкен.

«Қазірдің өзінде жүргізушілер мен тасымалдаушыларға қатысты 651 хаттама толтырылып, оларға 11 млн теңгенің айыппұлы салынды. 615 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көліктік бақылау қызметі 24/7 тәртібі бойынша жұмыс жүргізеді. Кезек бойынша жұмысқа шығады. Түнде біз камераларда тіркелген бұзушылықтарды анықтаймыз. Жолдың қарама-қарсы бағытымен жүріп кеткені үшін әкімшілік сотта 6 автобус жүргізушісі куәлігінен айырылды», - дейді ол.

Astana LRT ЖШС Басқарма төрағасының орынбасарының сөзіне сенсек, жол ақысын төлегісі келмейтін жолаушыларға да қатысты шаралар қабылданып жатыр.

«Қоғамдық көлікте дәл осылай төлем жүргізгісі келмеген 4 878 жолаушы анықталды. Оларға жалпы сомасы 23,5 млн теңгенің айыппұлы салынды. Жолаушылар қазір тәртіпке бағынып келеді. Десе де, мұндай фактілердәң кездесіп жататыны рас. Күн сайын біз 100-ге жуық хаттама толтырамыз. Сараланған тариф енгізілгелі бері жұмыс күшейтілді», - дейді Бейбіт Есжанов.

Еске сала кетсек, Astana LRT компаниясында өткен бүгінгі дөңгелек үстелде Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов көлік картасын толтырудың жаңа әдісін таныстырған болатын.

Сонымен қатар, жиын барысында Төлем жүйесі департаментінің директоры Дәурен Нұрәлиев екі рет төлем алынбайтынын өз картасымен дәлелдеді.

Соңғы жаңалықтар