Астанада ЖИТС-тен көз жұмғандарды еске алу шарасы өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде ЖИТС құрбандарын еске алу күні болып аталып өтеді. Айтулы дата қарсаңында елордадағы белді оқу орындарының бірі - Қазақ технология және бизнес университетінде жастар арасында «Ұмытпа, Өзіңді сақта!» атты акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қалалық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға 500-ге жуық қалалық студент жастар мен жоғарғы сынып оқушылары қатысты. Шара барысында қатысушылардың 81-і өз еріктерімен жедел тест арқылы АИТВ-ға қан тапсырды.

Шараның негізгі мақсаты - АИТВ-ның таралу жолдарын жастар арасында насихаттау. Оған себеп те жоқ емес. АИТВ инфекциясын жұқтырушылардың арасында өрімдей жастардың кездесетінін қынжылыспен айтып өткен орталықтың бас дәргері С.Абдрайымов: «Бүгінгі күні АИТВ мәселесі тек қана медицина қызметкерлерін ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатып отырған мәселе. Әсіресе өздеріңіз сияқты қыршын жастардың осы аурудың «қақпанына» ілігуі бізге үрей туғызып отыр. Сол себепті де біз сіздермен жиі жүздесіп, аурудың алдын алу мақсатында осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып отырсақ жұмысымыз нәтижесіз болмас деп ойлаймын», - деді.

Сондай-ақ қатысушылар назарына концерттік бағдарламалар ұсынылды. Ал шара барысында өнер көрсеткен «Видергебурт» неміс-қоғамдық бірлестігінен келген жастардың қойылымы ерекше есте қаларлық болды. Жастар әдемі іс-қимылдарымен шалыс басқан әр қадамның соңы өкінішке әкелетінін әсерлі жеткізді. Мамандар тарапынан дайындалған викториналық сұрақ-жауап ойынына да жастар белсене атсалысты.

Мамандар атқарылып жатқан іс-шараларының нәтижесіз қалмайтынын айтып, жиналған жастармен бірге «қысқа ғұмырда, мәнді өмір сүрейік!» деген асқақ арманмен қызыл түсті шарларды аспанға ұшырды.

Айта кетерлігі, елордада соңғы 20 жыл ішінде АИТВ жұқпасымен 1293 адам тіркелген. Осының 39-ы ЖИТС-тің салдарынан көз жұмған.

Соңғы жаңалықтар