Астанада ЖЭО-3 іске қосылса, жылу тапшылығы мәселесі шешіле ме

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жоспар бойынша елордадағы үшінші жылу электр орталығы 2023-2024 жылғы жылыту маусымына дейін дайын болмақ. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үшінші жылу орталығы өткен жылы іске қосылуы керек еді. Дегенмен пандемия және Ресей мен Украина шекарасындағы жағдайға байланысты жабдықтар қымбаттап кетті. Аталған мәселе Премьер-Министрдің қатысуымен Үкіметте қаралып, бірқатар тапсырма жүктелді», – деді Жандос Нұрмағанбетов Парламент Сенаты қаржы және бюджет комитетінің отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

«ЖЭО-3-ті қолданысқа беру кейінге шегеріліп, жобалық сметаға түзету енгізілді. Тиісті бюджеттік рәсім жүргізілді. Жоспар бойынша елордадағы ЖЭО-3 2023-2024 жылғы жылыту маусымына дайын болады. Қалалық әкімдік бұл мәселені қатаң бақылауда ұстап отыр, себебі тапсырыс беруші - солар. Нысан уақытында тапсырылып, жаңа үйлердің іске қосылуына байланысты жылу тапшылығы мәселесі шешіледі деп үміттенеміз әрі сенеміз», - дейді вице-министр.

Еске салсақ, биыл қаңтарда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында жыл соңына дейін Астанада үшінші жылу электр орталығының пайдалануға берілетінін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар