Астанада Жеңіс күніне арналған отшашу болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Жеңіс күні мерекесіне арналған отшашу болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Фейерверк сағат 22:00-де Есіл өзенінің жағалауынан басталады.

«Салют ұзақтығы 10-12 минутты құрайды, ал атыс саны кемінде 3 мың», - делінген ақпаратта.

Мәлім етілгендей, Жеңістің 77 жылдығына арналған отшашу демеушілер қаржысына ұйымдастырылып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасы 7 және 9 мамыр күндері мерекелік отшашу өткізілмейтінін айтқан болатын.

9 мамыр күні, қалада сондай-ақ концерт, қойылым түріндегі түрлі онлайн және офлайн іс-шаралар ұсынылады.

Мәселен, Студенттер саябағында ардагерлер мен қала тұрғындарына арналған концерт өтеді. Мерекелік шарада сүйікті әндерді тыңдауға болады, ол сағат 14:00-ге дейін жалғасады.

Бұдан бөлек, майдангерлерді еске алуға арналған «Жеңімпаздар. Батырларға тағзым» онлайн-акциясы өтеді.

Жеңіс мерекесін атап өту күндері дәстүрлі түрде соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, қоғамдық және жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен «Отан ана» монументіне және соғыс батырлары – Талғат Бегелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және өзге де батырлардың ескерткіштеріне гүл дестелерін қою рәсімдері болады.

Сонымен қатар осы күні «Солдатский котелок» ертегісін көрсететін Қуыршақ театрына баруға болады. Ал 10 мамырда «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені Жеңіс күніне арналған «Біз Жеңістің ұрпағымыз!» атты лекцияға қосылуға шақырады.

Астаналық цирк мереке құрметіне көрермендер үшін арнайы цирк бағдарламасын дайындады.


Соңғы жаңалықтар