Астанада жеміс-жидектер мен көкөністен пирамида тұрғызылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жалғасуда. Сәрсенбі күні қала көшелерінің бірінде 100 келіден астам жеміс-жидек пен көкөністен ерекше инсталляция жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Идея авторларының айтуынша, елорданың 20 жылдығына орай ерекше сый жасау мақсатында халық арасында «Астана мен сізді не байланыстырады?» деген сауалнама жүргізілген. Оның нəтижесі бойынша қала тұрғындары үшін Астана - бейбітшілік пен келісім орталығы болып есептелген. Осыған орай ұйымдастырушылар жеміс-жидектер мен көкөністерден пирамиданы, яғни Бейбітшілік пен келісім сарайының сұлбасын жасауды ұйғарған.


«Инсталляцияның сұлбасын жасауға бір апта уақыт кетті. Ал жеміс-жидектер мен көкөністерді сəндеуге 4 сағат уақыт жұмсалды. Пирамиданы тұрғызуға барлығы 100 келіден аса жеміс-жидек пен көкөніс пайдаланылды жəне осы жұмысқа 6 адам жұмылдырылды. Қазақстанның əр өңірінде өзіне тəн өсетін жеміс-жидектер мен көкөністер бар. Біз солардан ынтымақтастық пен келісімді білдіретін бейне жасадық. Одан бөлек, пирамиданың үстінде тайқазан орналасқан. Қазақ халқында қазан ауызбіршілік, молшылықтың белгісі», - деді бас аспаз Артем Канцев.

Шара Астана қаласы Сарыарқа аудандық әкімдігінің қолдауымен жəне «Qazaq gourmet» мейрамханасының ұйымдастыруымен Астананың 20 жылдығына арналып өткізілді. Көрсетілім соңы концертпен жалғасып, жеміс-жидектер мен көкөністер жиналған жұртшылыққа таратылды. 



Соңғы жаңалықтар