Астанада жеке үйге газ тарту мәселесі қалай жүргізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанаға келген газ бірінші кезекте Көктал-1 және Көктал-2 аудандарына тартылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші кезең бойынша жобалау жұмысы аяқталды. Қосу кешендерін біздің ЖЭО-ға тартуды көздеп отырмыз. Көктал-1 және Көктал-2 аудандарына газ тартылады. 2021 жылдан кейін біз екінші кезеңді іске асыруды көздеп отырмыз. Яғни, ол бойынша Мичурино, Интернациональный, Тельман, Garden Village және Family Village кенттеріне газ тартылады. Үшінші кезең аясында Ильинка, Шұбары шағын ауданы мен Өндіріс тұрғын үй массивіне газ тартуды жоспарлап отырмыз», - дейді Астана қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов баспасөз мәслихатында.

Тілшілердің сұрағына жауап бере отырып, бөлім басшысы жеке үйлердің иелеріне газды өз ақшасы есебінен тартатынын атап өтті.

«Кез келген инженерлік инфрақұрылым нысаны секілді мұның бәрі де техникалық шарттарға сәйкес болады. Газ тарту жұмысы энергия мен су тарту жүйесіне ұқсас: біз тек негізгі желілерді тартамыз, яғни газ желілері негізгі көшелерде болады. Ал жеке үйге газ тарту мәселесі үйлердің орналасуына қарай белгіленеді», - дейді ол.

Сонымен бірге, спикер өз сөзінде газ құрылғыларын орнату барысында қауіпсіздікке кімнің жауапты екенін айтып берді.

«Қазақстанда көптеген өңірлерге газ тартылған. БҚО, ОҚО өңірлерін бұл ретте үлгі ретінде айта кетуге болады. Ол жақта газ тарту жұмысын құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізіп жүрген арнайы ұйымдар орындайды. Ең алдымен, рұқсат алу керек», - дейді Мақсат Есмағұлов.

Соңғы жаңалықтар