Астанада жаяу жүргіншілердің зардап шегуі: Тергеу басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Ішкі істер департаменті Алматы мен Сауран көшелерінің қиылысында екі жаяу жүргіншіні зардап шеккен жол апатының мән-жайы туралы айтты.

ІІД-нің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткендей, 16 маусым күні сағат шамамен 17:00-де Алматы көшесінде болған жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

«Полицейлердің қолында бар мәлімет бойынша, «Шкода» автокөлігінің жүргізушісі Алматы көшесімен келе жатқан. Сауран көшесімен қиылыста бағдаршамның рұқсат етілмеген түсіне қарамастан қозғалып, Сауран көшесіне сол жақпен бұрылып келе жатқан «Сузуки» маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Соқтығыстан кейін «Шкода» инерция бойынша жаяу жүргіншілерді қағып, бордюр мен велотұраққа соғылған», - деп хабарлады ІІД-ден.

Оқиға салдарынан 1977 және 2009 жылғы екі жаяу жүргінші зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Медициналық тексерістен кейін олар үйлеріне қайтарылды.

Бұған дейін зардап шегушілердің жағдайы туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтқан болатын.

«Олар ауруханаларға толық тексеруден өту үшін жеткізілді. Диагноздары ауыр емес, өмірлеріне қауіп жоқ», - деп хабарлаған еді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардақ.

Жедел жәрдем қызметі ер адамды №1 қалалық ауруханаға, ал қыз баланы №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізген еді.

 

Соңғы жаңалықтар